Гүлнәр — үздік балалар дәрігері
Гүлнәр Әшімқызының есімі түлкібастықтарға жақсы таныс. Гүлнәр апай аудандық балалар ауруханасында үздіксіз 26 жыл меңгеруші қызметін атқарған абзал жан. Қазір ол зейнеткерлік демалыста. Дегенмен, кейіпкеріміз әлі де дәрігерлік міндетінен қол үзген жоқ. Жолдасының «Дулат» деп аталатын медициналық орталығында жұмыс істеуде. Сонымен қатар, ол аудандық іскер әйелдер кеңесінің белді мүшесі ретінде де қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде атсалысып келеді.
— Мен 1956 жылдың 26 тамызында Қызылорда облысы Шиелі ауылында дүниеге келгенмін. Мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы мемлекеттік медицина институтына оқуға түстім. Сонда жүріп өмірлік серігіммен танысып, көңіл жарыстырып, отау құрдық. Бүгінде біздің 5 баламыз бар. Олардан 20 немере сүйіп отырмыз. Жақында шөберелі боламыз деп қуанып жүрміз.
Жолдасым да дәрігер. Мен аудандық балалар ауруханасында ұзақ жыл балалар дәрігері болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым. «Денсаулық сақтау саласының үздігі» номинациясының иегерімін. Жолдасым аудандық емхананың бас дәрігері болып қызмет етті. Көз дәрігері. Қазір ол кісі де зейнеткерлік демалысты. Ол Түлкібас ауданының Құрметті азаматы. Осыдан біраз жыл бұрын «Дулат» деген медициналық орталық ашқан болатын. Екеуміз де қазір сонда жұмыс істеп, әлі де елге қызмет етудеміз. Перзенттеріміздің ішінде ең кішкентай қызым біздің жолымызды қуды. Ол тіс дәрігері. Аллаға шүкір, балаларымның барлығын оқытып, бүгінде олар өз салаларында жемісті еңбек етіп келеді, — дейді Гүлнәр апай.
Айта кетейік, қазіргі уақытта түркістандықтарға облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 45 мемлекеттік мекеме мен 756 ұйым, сонымен қатар 130 жекеменшік мекеме, оның ішінде 36 емхана медициналық қызмет көрсетеді. Өңірдегі барлық медициналық нысанға 2 060 903 адам тіркелсе, оның 340 мыңы жекеменшік ұйымдарға қаралады. Медициналық ұйымдарда 36 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Олардың 6 мыңға жуығы дәрігер, 17 мыңнан астамы орта медицина қызметкері.
Биылғы жылдың алғашқы 6 айында облыс халқына 19 307 002 клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетіліп, «Жедел жәрдем» 375 063 рет, ал, санавиация 1594 рет шақырту алған. Тұрғындарға 3 миллионнан аса амбулаторлық, 200 мыңнан аса стационарлық көмек көрсетіліп, оталар саны 18 693-ке жеткен. Нәрестелер өлімі бір деңгейде сақталса, өкінішке қарай, ана өлімі көбейген. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім мен аурушаңдық, қатерлі ісіктерден және туберкулезден болатын өлім-жітім азайған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Сатыбалдының айтуынша, бүгінде облыс тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетіліп жатыр. Осы ретте облыстық клиникалық аурухананың кардиология-аритмология бөлімшесінде – 10 науқасқа, қан тамырлары хирургиясы бөлімшесінде – 18 науқасқа, нейрохирургия бөлімшесінде – 43 науқасқа, урология бөлімшесінде – 6 науқасқа, ортопедия бөлімшесінде – 4 науқасқа, барлығы 81 науқасқа күрделі ота жасалыпты. Ал, Түркістан қалалық орталық ауруханасында интервенционды кардиология бөлімшесінде 1 науқасқа, урология бөлімшесінде 3 науқасқа күрделі ота жасалған. Сонымен қатар, өңірде 3 рет туыстық бүйрек трансплантациясы жасалып, асқыну болмаған. Биыл А.Сызганов ҰҒХО басқарма төрағасының жетекшілігімен «Бауыр трансплантациясы» отасын енгізу де жоспарланып отыр екен.
– Медицина мамандарының біліктілігін арттыру бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Санкт-Петербург мемлекеттік педиатриялық медициналық университеті» арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, маусым айында 24 дәрігер Санкт-Петербург қаласында біліктілік арттыру курсынан өтті. 2024 жылы 15,9 млрд. теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 549 түрін сатып алуға өтінім беріліп, бүгінгі күнге дейін «Д» санатына енгізілген 158 204 науқас тегін дәрімен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, алты айда жергілікті бюджеттен амбулаториялық деңгейде медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 188 науқасқа дәрі-дәрмек үлестірілді. Олардың 83-і 18 жасқа дейінгі балалар, – дейді Бауыржан Сатыбалды.