Шардаралық Гүлнәр тастақ жерді гүлзарға айналдырды

Гүлнәр Дербісалиева туралы айтқанда мына бір жәй еске түсе береді.  2016 жылы ауданға жаңадан әкімі болып іскер басшы Арман Абдуллаев келген кезі еді. Жаңа басшы ауданның тыныс-тіршілігімен танысу үшін барлық елді мекенді бірме-бір барып көріп, ондағы мекемелерді асықпай аралап шыққан. Сондай бір аралау кезінде қаладағы «Балбөбек» балабақшасына ат басын бұрып барды. Бұл балабақша Мелдеби мөлтекауданында жаңадан бой көтергеніне бес-алты жылдың жүзі болып, басшылыққа Гүлнәр Дербісәлиева бекітілген болатын. Дәл осы мекемеге барғанша одан басқа да біраз нысандарды көріп келе жатқан. Жасыратыны жоқ, сол мекемелердің көпшілігінде көгалдандыру ісі ақсап, сортаңы шығып
жатқан аулаларға аудан басшысы қатаң сын айтып келе жатқан беті еді. «Балбөбекке» кірген сәттен бастап Арман Айдарұлының қатқыл қабағы жадырап сала берді. Екі қабатты балабақша ғимаратының айналасы неше алуан гүлмен көмкеріліп, тал-дарақтар жайқалып тұр. Алақандай бос жатқан жер жоқ, барлық аумақ жасыл желекке оранған. Онсыз да тап-таза боп тұрған аулаға қызылды-жасылды гүлдер одан сайын көрік беріп, бейне бір иранбаққа келгендей болады екесің. Балабақша аумағын бір айналып шыққан аудан басшысы «Мынау аймақ Алматының гүлзарындай жайнап тұр екен, ішке кірмей-ақ қояйын. Өте жақсы жұмыс жүргізіліп жатқанын көріп тұрмын, үлкен рахмет» деп риза пейілмен қош айтысып шығып кеткен. Әрине, шаңы шығып жатқан жер өзінен-өзі көгеріп, көріктене салмайды. Бұл Гүлнәр Әбілқасымқызының жанкешті еңбегінің, ұтымды ұйымдастыра білуінің арқасында болған тірлік еді. Бала саны ең көп саналатын Мелдеби мөлтекауданында 280 орындық жаңа балабақша ғимараты салынғанда оған басшылық қызмет жасауға да бірнеше азамат өтініш білдірген болатын. Солардың ішінде таңдау Гүлнәр Дербісәлиеваға түсті. Бұл орынға Гүлнәр Әбілқасымқызы кездейсоқ келе салған жоқ. Білім беру саласындағы барлық сатыдан сүрінбей өтіп, өмірлік тәжірибе жинай білген білікті маман ретінде осы қызмет сеніп тапсырылды.

1984 жылы Шымкент педагогикалық институтының филологиялық факультетін бітірген жас маман еңбек жолын Шардара қаласындағы А.Иманов мектебінде ұстаздықтан бастап, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарына дейін көтерілді. Одан М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебіне қызмет ауыстырып, директордың тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары болды. Сондықтан болар, тәжірибелі маман жаңа қызметін ұршықтай үйіріп әкетті. Қарамағындағы 80-нен астам қызметкерлерді бір мақсат, бір мүддеге жұмылдыра отырып жұмыс жасай бастады. Өз мамандығың бойынша жұмыс істеу бір басқа, жаңа басшы бірінші кезекте жаңа ғимараттың айналасын гүлдендіруге бар күшін салды. Мана айтқанымыздай тұзы шығып, шаңытып жататын жерді аз уақыттың ішінде абаттандыру айтар сөзге ғана оңай. Балабақша қызметкерлерін өзі бас бола жүріп ұйымдастырып отырды. Темірдей тәртіп, содан соң орынды талап қоя білудің арқасында тірлік те алға басып жүре берді. Сол бір-екі жылдың ішінде ғой қала әкімдігі Гүлекеңді «тасқа гүл шығарған тынымсыз басшы» деп атайтыны. Көп ұзамай «Балбөбек» балабақшасы жыл қорытындысы бойынша «Шардара ауданының үздік балабақшасы» деген атауға ие болды. Педагогика саласында үздіксіз атқарып келе жатқан 40 жылға таяу жанкешті еңбегі ескерусіз кеткен жоқ. Аудан және облыс басшыларының бірнеше мәрте «Алғыс хатары» мен «Құрмет» грамоталарын иеленді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін «Шардара ауданына 55 жыл» мерекелік медалін кеудесіне қадады.

Гүлнәр Дербісәлиева ұстаз ғана емес, кейінгі жастарға ақыл-кеңесін үйретіп келе жатқан ұлағатты ана. Қаладағы Аналар кеңесіне басшылық жасай жүріп көптеген жас отбасыларға
аналық ақылын үйретеді. Жас шаңырақтың шайқалмауы, ерлі-зайыптылардың татулығы, жанұя жарасымдылығы жөнінде бірнеше рет  семинар-кеңестер өткізіп, басқа да қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырудан шаршамайды.

– Көрші Киров ауданында өмірге келдім. Әкем Әбілқасым да, анам Ханшайым да қаржы саласының мамандары болды. 1969 жылы Шардараға қоныс аударып, бар саналы ғұмырымыз шағалалы өңірде өтіп келеді. Әке-шешемізден алған тәрбием бойынша қай жұмысты қолға алмайын –адалдықпен, абыроймен атқарып, елдің алғысын алу. «Жүз жылдығыңды  ойласаң шәкірт тәрбиеле» деген сөз тегін айтылмаған. Ұстаз бола жүріп сан шәкірттің көкірегіне ізгілік дәнін септік. Бүгінде бөбектермен жұмыс жасаймыз. Өмірімді ағарту саласына арнағаныма бақыттымын деп есептеймін, — дейді Гүлнәр апай.

Гүлнәр Дербісәлиева Серік Сансызбаев есімді азаматпен отау құрып үш ұл тәрбиелеп өсірді. Ұлдардың барлығы да бүгінде Астана қаласында еңбек етеді. Сәкені мен Мұхамеджаны кәсіпкерлікпен шұғылданса, кенжелері Дәурен Президент жанындағы Стратегиялық жоспарлау агенттігіне қарасты Статистика департаментінде бас маман қызметін атқарады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *