Түлкібастық оқушылар жазғы сауықтыру лагерлерінде демалуда
Биыл Түлкібас ауданында қала сыртындағы лагерьде ауданы бойынша 2000 баланы сауықтыру жоспарланған. 2024 жылдың 01 шілдесіне балаларымыз Қазығұрт ауданында орналасқан «Турбаза Қазығұрт», «Meirzhan», Түлкібас ауданында орналасқан «Көктөбе-1», «Көктөбе-2» жазғы маусымдық сауықтыру лагерлерінде демалысын жалғастыруда.
І-кезеңде – 300 оқушы сауықтырылса, 3-4 кезеңдерде – 677 оқушы демалуда. Ал, «Қазақстан Халқына» қорының демеушілігімен 150 оқушы Түлкібас ауданы, Машат шатқалында орналасқан “Машат-Арасан” оқу-сауықтыру лагерінде демалып келді. Сондай ақ, олардың жас ерекшеліктеріне қарай, 5-10 сынып оқушылары, лагерьге қабылданды. Әр маусымның ұзақтығы — 10 күн.
Айта кетейік, облыста бүгінде «Қазақстан халқына» қорының есебінен Түлкібас ауданындағы «Машат–Арасан» сауықтыру лагеріне 8 ауданнан 400 бала, Маятас ауылындағы «Гавая» лагеріне 3 ауданнан 250 бала тегін жіберілді. Сондай-ақ, Түлкібас пен Төлеби аудандарындағы лагерьлерде облыстағы 2 отбасылық үлгідегі балалар ауылындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады. Одан бөлек, 266 оқушы басқа облыстардағы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерьлерінде тынығады делінген.
Жазғы лагерьлер бірнеше ауысыммен жұмыс істейді, осылайша маусым айының өзінде облыстағы 7 мыңнан астам оқушы демалыстарын мазмұнды өткізеді. Ал, сауықтыру лагерьлері жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Биыл «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерьлерімен тегін қамтылады. Жалпы жаз мезгілінде Түркістан облысында 31 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді деп жоспарланған.