Қалима апаның екі келіні де құрақ құрайды
Ордабасы ауданы Темірлан ауылында тұратын Қалима Сүйінова құрақ құрап, табыс тауып отыр. Ол өзінің қолынан шыққан бұйымдарды әлеуметтік желі арқылы насихаттап, бүгінде тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып үлгерген.
— Қазір құрақ көрпешелерге тапсырыс берушілер көп. Құрақтың өзі де «бір басы екеу болсын, құралып өніп, өссін» деген мағынаны білдіреді ғой. Сондықтан, қызын қияға, ұлын ұяға қондырып жатқандар бірінші кезекте құрақ көрпешелерге тапсырыс береді, — дейді кейіпкеріміз Қалима апа.
Қалима апаның екі келіні бар. Екеуінің де енесінің ізін басып келе жатқан шебер. Бірі ою ойса, екіншісі құрақ құрайды. «Тұтынушылардан түскен тапсырысты үшеулеп орындап, дер кезінде орындап беруге тырысамыз. Қарап отырсаңыз, құрақ құрау адамды шыдамшылыққа, икемділікке, төзімділікке тәрбиелейді», — дейді Қалима апа.
Қалима Садыққызының негізгі мамандығы – мұғалім. Қазір ол денсаулығына байланысты өзінің сүйікті ісін кәсібіне айналдырып отыр. Бастапқыда ермек үшін деп басталған бұл жұмысы бертін келе таза кәсіпке айналып шыға келіпті. Сұраныс көп болған соң жанына екі келінін алып, отбасылық бизнестің көрігін қыздыра түседі.
Айта кетейік, ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді.
Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр.
Қазіргі жағдай бойынша Түркістан облысындағы іс басындағы 5658 мемлекеттік қызметшінің 27%-ын нәзікжандылар құрайды.