Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 бала жаз бойы демалады

Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында 22 жазғы сауықтыру лагері (7-і мемлекеттік, 15-і жекеменшік) қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35 482 оқушы бюджет есебінен тегін демалса, 20 мыңға жуық оқушы ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен 3421 оқушы тегін жазғы сауықтыру лагерьлерімен қамтылады.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды: «Лагерьлердің инфрақұрылымы, тамағы, жатын орны бәрі талапқа сай болуы тиіс. Суы, қоршаған ортасы, ауасы таза әрі денсаулықты нығайтуға қолайлы болғаны жөн. Тағы да тексеріп, пысықтап шығыңыздар. Екіншіден, лагерьлердің күзет қызметін, жалпы қызметкерлерін тәжірибелі мамандармен қамтыңыздар. Бірінші орында балалардың қауіпсіздігі мәселесі тұруы тиіс. Осы салаға жауапты басшыларға биылғы демалыс маусымын мазмұнды әрі сапалы өткізуге, балалардың алаңсыз тынығуына барлық жағдайды жасауды тапсырамын» – деді Дархан Амангелдіұлы.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтің айтуынша, қала сыртындағы лагерьлер маусым айының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді. Айта кетейік, Түлкібас пен Төлебидегі «Самал» және отбасылық үлгідегі балалар лагерінде облыстағы 2 отбасылық үлгідегі балалар ауылындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады.

Оқушылар үшін мәдени-ағартушылық, әскери-патриоттық және спорттық бағыттағы 83 облыстық іс-шаралар тізбесі бекітілген. Жаз айларында «Ұлттық мектеп лигасы» жарысы, «Жас құтқарушы» сайысы, «Айбын» әскери-патриоттық жиыны, «Ашық алаң» дебаттық үйірмелері, ұл және қыз балалар арасындағы футбол турнирі, «Менің аулам» әлеуметтік жобалары іске асырылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *