Қазақстандықтарға KEGOC акцияларын сатып алу тиімді ме
«KEGOC» АҚ басқарма басшысы Нәби Айтжанов компания акциялары қаншалықты қымбаттайтынын, қазақстандықтарға қандай пайда келетінін түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
«KEGOC» АҚ акцияларының құны өсетінін айтқымыз келеді. Қазір біз акцияларды 1482 теңгеден орналастырдық және талдаушылардың болжамы бойынша олардың бағасы 1817 теңгеге дейін өсуі мүмкін деп болжануда. Яғни, шамамен 20% өсім болады. Сондықтан біздің азаматтар акция құнының өсуінен және дивидендтерден пайда таба алады. Осы кезеңде біз екі рет дивиденд төлейміз. Бұл шамамен 10-11% кіріс әкеледі. Осылайша, азаматтарымыз ала алатын алдын ала жиынтық табыс – шамамен 30-35% деп болжануда», — деп түсіндірді Нәби Айтжанов.
28 қыркүйек пен 2 қараша күндері Қазақстан қор биржаларында акцияларды қайталама орналастыру (SPO) кезінде қазақстандықтар 15 млрд теңгеге 10 258 502 «KEGOC» АҚ акцияларын сатып алған және барлық сұраныс қанағаттандырылған. Бүгін-ертең олардың шоттарына осы акциялар аударылады.
«Біз қазан айының басында жазылымның басталғанын жарияладық. SPO-дағы бастапқы баға 1482 теңге болды. Бүгін таңертең «KEGOC» АҚ акцияларының бағасы 1582 теңгені көрсетті. Қазірдің өзінде 100 теңгеден қосылды. Егер, шамамен 2 қарашаға дейін 100 акция сатып алғанда, бүгінгі күні өсімнен 10 300 теңге түсер еді. Дивидендтер кірісіне келсек, ол пайыздық қатынаста екі таңбалы санды құрайды. Менеджменттің міндеті және қор ретіндегі біздің міндетіміз – бөлшек инвесторларымызға инфляцияны жеңетін, яғни инфляциядан жоғары болатын дивидендтік кірісті беру. Бұл инфляциядан жоғары дивидендтік кіріс арқылы ақшаны үнемдеу құралы. Сонымен қатар, акциялардың өсуі үшін іргелі әлеует бар екенін көріп отырмыз», — деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» АҚ және «KEGOC» АҚ 28 қыркүйек пен 2 қараша аралығында өткен Қазақстан қор биржаларында акцияларды қайталама орналастыру (SPO) қорытындысын жариялады.
Инвесторлардан жалпы сомасы 34,8 млрд теңгеден асатын 50 мыңнан астам өтінім түскен. Бұл орналастырудың жоспарланған көлемінен 1,5 есе артық.