Ұлжалғастың тәттілері тіл үйіреді
Бүгінде елімізде кәсіпкерлікпен айналысатын қыз-келіншектердің қатары арта түсуде. Түркістан облысының аналары дүниеге сәби де әкеледі, қызмет те жасайды, кәсіпкерлікпен де айналысады, бір сөзбен айтқанда, әмбебап, өмірге икемді, бейімделгіш. Облыс көлемінде 155 мың кәсіпкер болса, оның 32%-ы немесе 48 мыңға жуығы әйел. Солардың бірі ретінде Ұлжалғас Сапарованы айтуға болады.
Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында тұратын жас кәсіпкер бүгінде түрлі тәттілер пісіріп, кәсібін дөңгелетіп отыр.
— Бұрындары тәттілерді отбасымда болатын қуаныштарда пісіретінмін. Өзім негізі ас дайындағанды жақсы көремін. Бірақ, бұл сүйіп жасайтын ісімді кәсіпке айналдырамын деп әсте ойламағанмын. Бірде танысым «бал тортын» жасап беруімді өтінді. Келе келе ол менің тұрақты тұтынушыма айналып шыға келді. Осылай тұтынушыларымның қатары күннен күнге көбейіп, тәттілер пісіруді кәсіп етіп, табыс таба бастадым.
Тәттілеріме тапсырыс көбейгеннен кейін үйімнің алдынан «ulzhalgas_sweets_shayan» деп аталатын өзімнің тәттілер дайындайтын студиямды аштым. Бүгінде қолға алған кәсібімді дөңгелетіп жатырмын. Ендігі мақсатым ауылмен шектеліп қалмай, үлкен қалаларды да өз тәттілеріммен қамтамасыз етсем деймін. Былайша айтқанда, өз брендімді қалыптастырғым келеді, — дейді Ұлжалғас Мейірбекқызы.
Ұлжалғас өзінің білімін жетілдіру мақсатында түрлі сабақтарға, «Бизнеследи» және «Іскер әйелдер» форумдарға қатысып тұрады. Үлкен кәсіпкерлермен тілдесіп, тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдауға үлкен мән береді. Осы іскерлігінің арқасында ол «Үздік жас кәсіпкер», «Бәйдібек ауданының жас кәсіпкері» атанған болатын. Жас кәсіпкер бүгінде тойларға, туған күн кештеріне тапсырыспен тәттілер пісіреді.