Нұргүл қайтарымсыз грант алып, массаж орталығын ашты
Бәйдібек ауданы Шаян ауылының тұрғыны Нұргүл Досболаева массаж орталығын ашты. Кәсіпкер өз бизнес жобасын ұсынып, комиссия шешімімен қайтарымсыз 1 млн 380 мың теңге алған болатын. Мемлекеттен берілген қаржыға керекті құрал-жабдықтары мен массаж аппараттарын сатып алды.
Бүгінде жеке кәсіпкер балаларға және ересектерге арналған массаж түрлерін жасайды. Одан бөлек, сал ауруымен ауыратын балалар үшін арнайы тасымал қызметі бар. Кәсіпкер алдағы уақытта табысын еселеп, кәсібін дамытуды көздеп отыр.
Айта кетейік, өңірде жаңа бизнес жобаларды қолдауға бағытталған қайтарымсыз грант беру бойынша комиссия отырыстары ұйымдастырылды. Биыл грант беру жұмыстары 2 лек бойынша жүзеге асады. Атап айтқанда, бірінші лек өтінімдері мамыр айында қабылданса, екінші лек өтінімдері шілденің 15-26 күндері қабылданды.
Биыл облыста еліміздегі еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1793 грант беру жоспарланған. Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған жобаға облыс көлемінде бірінші лек бойынша 2 471 азамат өтінім білдірген. Бизнес-жобаларын қорғауға 2 097 азамат қатысты. Нәтижесінде 897 азаматтың бизнес-жобасы мақұлданды. Ал, қалған 374 азамат белгісіз себептермен комиссия отырысына қатыса алмаған.
Комиссия отырысында бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігіне және үміткердің кәсібилігіне өкілдер тарапынан баса назар аударылды. Комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 271-і өндіріс саласына, 227-сі ауыл шаруашылығы саласына, 298-і қызмет көрсету саласына, 91-і тамақ өндірісі саласына, 10-ы құрылыс заттарын өндіруге бағытталған.