Әйелдердің саяси белсенділігі – өңірдің даму бағыты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында: «Әйелдердің қоғамдық өмірдегі рөлін арттыру — еліміздің тұрақты дамуының кепілі» — деген болатын. Осы мақсатта Парламент пен Үкімет әйелдер құқығын қорғау, теңдік пен әділеттілікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар заңнамалық бастамаларды жүзеге асыруда. Түркістан облысының жергілікті әкімдігі мен қоғамдық ұйымдары да осы талаптарды қолдап, әйелдердің әлеуетін ашуға бағытталған жобаларды жүйелі түрде іске асыруда.

Жергілікті өзін-өзі басқару органдары әйелдер мен отбасыларға қатысты барлық мәселелерді жан-жақты талқылап, шешім қабылдауда белсенділік танытып отыр. Осындай үйлесімді жұмыс облыстағы әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық сенімділікті арттыруға ықпал етеді. Арыс қаласында «Отбасы істері және гендерлік саясат» жобасы аясында арнайы семинар-тренинг ұйымдастырылды. Бұл шараға «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова, Арыс қалалық «Отбасыны қолдау орталығы» КММ мамандары мен қала жастары қатысты. Жобаны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының тапсырысы негізінде «Шығармашыл жастар» қоғамдық қоры жүзеге асыруда. Іс-шара 2025 жылдың 16-19 маусым аралығында өткізіліп, қыркүйек айында республикалық семинар-тренингпен қорытындыланады.

Семинар барысында қатысушыларға медиативтік тәсілдер, құқықтық білім, отбасындағы дағдарыстық жағдайлардың алдын алу жолдары, гендерлік теңдік пен көшбасшылық туралы тың ақпараттар ұсынылды. Бұл тәжірибелер өңірдегі әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігін арттырып, отбасылық және әлеуметтік мәселелерді шешуде маңызды құрал болмақ.Жоба аясында облыстың 17 ауданы мен қаласынан 85 әйел азамат арнайы саяси менеджмент мектебіне іріктеліп алынатын болады.

Бұл бастама «AMANAT» партиясының «Томирис» бағдарламасы концепциясына негізделген. Оның мақсаты — әйелдердің саяси сауаттылығын арттырып, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласатын көшбасшы әйелдердің санын көбейту. Сонымен қатар, жобада отбасылық құндылықтарды насихаттау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және осы салада кәсіби медиаторлар, психологтар мен құқықтық мамандарды даярлау мәселелері де қарастырылған. Бұл бағыттар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауларында нақты белгіленген әлеуметтік саясат пен құқықтық жүйені нығайтуға сәйкес келеді. Түркістан облысында әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін дамыту, отбасы институтын нығайту және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытындағы бұл жобалар — Мемлекет басшысының міндеттеген әлеуметтік міндеттерін орындаудың жарқын үлгісі болып табылады. Әрбір әйелдің қоғамдағы орны мен мүмкіндігін кеңейту — еліміздің біртұтас дамуының, қоғамның өркендеуі мен тұрақтылығының негізі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *