Жолдау жүктеген міндет: Қошқарата мен абайда жол инфрақұрылымы дамуда

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы Жолдауында халықтың өмір сапасын арттыруда сапалы инфрақұрылымның маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Оның ішінде автомобиль жолдары мен ішкі көшелерді жөндеу, көркейту жұмыстарын жүйелі жүргізу – ауылдық жерлерді дамыту мен экономикалық өсімді қамтамасыз ететін басты факторлар ретінде қарастырылады.

Түркістан облысы, әсіресе Келес ауданы осы бағытта нақты ілгерілеушіліктерге қол жеткізіп отыр. 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жол инфрақұрылымын дамыту – өңірлік дамудың басты қозғаушы күші. Тұрғындардың сапалы жолдармен қамтамасыз етілуі олардың тұрмыс деңгейін көтереді, экономикалық белсенділікті арттырады» – деді. Парламент пен Үкімет тарапынан қабылданған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендердің жол желілерін жаңғыртуға және сапалы жол салуға ерекше назар аударылып отыр. Бұл бағдарлама ауылдық жерлерде өмір сүру жағдайларын жақсартуға, жастардың ауылда қалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

2025 жылы Келес ауданында 33,8 шақырым ішкі көшелерді жөндеу жоспары жүзеге асуда. Бүгінде бұл жұмыстың бір бөлігі – Қошқарата ауылдық округіне қарасты Жамбыл елді мекеніндегі Ш.Тұрсынбаев көшесіне 2,6 шақырым асфальт төсеу басталды. Бұл жұмыстарды «Сарыағаш Сәулет» ЖШС атқарып жатыр. Сонымен қатар, Қошқарата ауылдық округіндегі Алғабас, Жаңақоныс және Қарабура елді мекендеріндегі төрт ішкі көшеге шағал тас төселіп, асфальттауға дайындық жүргізілуде. Осы көшелердің жалпы ұзындығы шамамен 11 шақырым.

Аудандық автомобиль жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің дерегінше, аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1172 шақырымды құрайды. Өткен жылы 18 көше жөнделіп, оның 16-сы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында асфальтталған. Нәтижесінде, ауданның көшелерінің 61 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде болды. 2024 жылы бағдарлама бойынша тағы 21 көше орташа жөндеуден өтеді. Оның ішінде Ошақты ауылдық округіндегі Қоңыртөбе және Береке елді мекендерінің 4 ішкі көшесі мен Жүзімдік ауылдық округіндегі 11 ішкі көше шағал тас төселіп, асфальтқа дайындалуда. Бұл жұмыстардың жалпы ұзындығы 17,7 шақырымды құрайды. Бұл көшелер асфальтталған соң аудан бойынша ішкі көшелердің 65%-дан астамы жақсы және қанағаттанарлық күйге жетеді.

Аудан орталығы – Абай ауылында да бірнеше көше жөндеуден өтуде. Жамбыл, Асан Қайғы, Б.Қырғызалиев, Төле би, Ә.Жылқышиев гүлзары мен Т.Рысқұлов көшесінің батыс бөлігі ағымдағы жөндеуден өткізіледі. Бұл жұмыстар тұрғындардың күнделікті өміріне ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Жол сапасын бақылау мақсатында «СК Құрылыс инжиниринг» және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» мекемелері тұрақты түрде техникалық бақылау жүргізуде. Бұл шаралар жөндеу жұмыстарының сапасын арттырып, жүргізіліп жатқан құрылысқа сенімділік береді.

Мемлекет басшысының «Жол сапасы – халықтың қауіпсіздігі мен жайлылығының кепілі» деген сөзіне сәйкес, барлық жұмыстар жоғары стандарттарға сай орындалуда.Мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаржылар тиімді жұмсалып, жобалардың сапалы жүзеге асуы қамтамасыз етілуде. Жергілікті әкімдік тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, олардың ұсыныстары мен талаптарын назарға алады. Бұл халықтың сенімін арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізуде.

Келес ауданындағы 33,8 шақырым ішкі көшелерді жөндеу және асфальттау жұмыстары – мемлекеттің ауылдық жерлерді дамыту, халықтың өмір сапасын жақсарту саясатының нақты көрінісі. Бұл инфрақұрылымдық жобалар тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, аймақтың экономикалық дамуына жаңа серпін береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы мен бастамаларын тиімді орындау арқасында Келес ауданының көшелері сапалы және қауіпсіз болуда, ал тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасуда. Бұл – өңірдің тұрақты дамуы мен Қазақстанның болашаққа сенімді қадамы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *