Биыл Бозай және Жамбыл ауылдық округтерінде 15-тен астам инвестициялық жобаны іске асырылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты Turkistan газетіне берген бағдарламалық сұхбаты ел экономикасының стратегиялық бағыттарын айқындап берді. Мемлекет басшысы сұхбат барысында егін шаруашылығындағы қол жеткізілген жоғары нәтижелерге тоқтала отырып, ауыл шаруашылығын дамытудың келесі маңызды кезеңі ретінде мал шаруашылығын жандандыру қажеттігін нақты атап өтті. Президенттің айтуынша, астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетіп, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейген. Бұл – егін шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаулар мен тиімді басқару шешімдерінің нақты жемісі.

Президент жүктеген бұл міндеттер бүгінде өңірлерде нақты істермен жүзеге асуда. Аграрлық бағыттағы Келес ауданында егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі саналатын бұл салада өндірісті ұлғайту, инвестиция тарту және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Табиғи-климаттық жағдайы қолайлы, жайылымдық жерлері мол өңір үшін мал шаруашылығын дамыту – экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да аса маңызды.

Осы мақсатта Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауыл және ауылдық округ әкімдеріне елді мекендерде инвестициялық жобаларды дамыту, жаңа кәсіпорындар ашу, әсіресе мал шаруашылығы саласына қатысты жобаларды көбейту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл тапсырмалардың орындалу барысын саралау мақсатында арнайы жиын өткізіліп, онда бірқатар ауылдық округ әкімдері өз аумақтарында жүзеге асырылуы жоспарланған инвестициялық жобаларды таныстырды.

Жиын барысында мал шаруашылығын терең дамытуға әлеуеті жоғары Бозай және Жамбыл ауылдық округтерінің әкімдері ерекше белсенділік танытып, жоспарланған жобалар жөнінде кеңінен баяндады. Аталған екі ауылдық округте алдағы уақытта 15-тен астам инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Жобалардың басым бөлігі заманауи талаптарға сай мал бордақылау алаңдарын салуға бағытталған. Бұл бастамалар өңірдің табиғи мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып қана қоймай, ет өндірісін арттыруға, өнімнің сапасын жақсартуға және экспорттық әлеуетті күшейтуге жол ашады.

Статистикалық деректер де Келес ауданында мал шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. 2025 жылдың екінші жартыжылдығындағы мәліметтерге сәйкес, аудан бойынша ірі қара мал саны 75 395 басқа жетсе, ұсақ мал 395 979 басты құраған. Сонымен қатар, 29 869 бас жылқы және 302 бас түйе тіркелген. Бұл көрсеткіштер ауданның мал шаруашылығындағы әлеуетінің жоғары екенін айғақтайды. Бозай ауылдық округінде 7 535 бас ірі қара, 68 259 бас ұсақ мал және 1 729 бас жылқы өсірілсе, Жамбыл ауылдық округінде ірі қара мал саны 3 534 басқа, ұсақ мал 86 487 басқа, жылқы 3 594 басқа жеткен. Мұндай көрсеткіштер аталған ауылдық округтердің мал өсіру мен оны өнеркәсіптік негізде дамытуға қолайлы екенін анық көрсетеді.

Жиын қорытындысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев әр ауылдың мүмкіндігін жан-жақты саралап, инвестициялық жобаларға нақты қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, іске асырылатын жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, аудан экономикасының тұрақты дамуына оң ықпал ететінін айтты. Мал шаруашылығын дамыту – тек экономикалық өсімнің ғана емес, ауылдың әлеуметтік ахуалын жақсартудың да маңызды тетігі екені баса айтылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттер Келес ауданында нақты істермен жүзеге асып, аграрлық саланың әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар ауданның ғана емес, тұтас өңірдің экономикалық қуатын нығайтып, Қазақстанның ет экспорттаушы ірі елдердің қатарына қосылуына өз үлесін қоспақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *