Президент тапсырмасы: Сайрамда 2026 жылы 32 инвестициялық жоба іске асырылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасының болашағы инвестициялық саясаттың сапасына тікелей байланысты екенін атап өткен болатын. Сонымен қатар, Президент бүгінде әлемде инвестиция үшін бәсеке күшейіп келе жатқанын, осыған байланысты Қазақстанда жаңа инвестициялық кезеңді бастаудың маңызы зор екенін тілге тиек еткен-ді. Қазіргі инвестиция тарту саясатында қаржының басым бөлігі шикізат салаларына бағытталып отырғанын атап өтіп, ендігі басты міндет өңдеу саласына, жоғары технологияларға және қосылған құны жоғары өндірістерге инвестиция тарту екенін нақтылады. Ірі инвесторлармен қатар орта, шағын бизнес өкілдерімен де жүйелі жұмыс жүргізудің қажеттігін баса айтты.
Бүгінде Жолдауда жүктелген осы міндеттер өңірлерде нақты істер арқылы жүзеге асырылып келеді. Айталық, Сайрам ауданында инвестиция тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында бірқатар шаралар қолға алынуда. Жақында Сайрам ауданының әкімі Мадияр Мұхтарұлы Оразалиевтің төрағалығымен ауданға инвестиция тарту, инвестициялық климатты жақсарту және инвесторлардың өзекті мәселелерін талқылауға арналған инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті.
Аталған жиында аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан және алдағы жылдарға жоспарланған ірі инвестициялық жобалар кеңінен қарастырылды. 2026 жылы Сайрам ауданында жалпы құны 161,2 млрд теңгені құрайтын 32 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар нәтижесінде 2 408 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Мұның өзі аудан тұрғындарының жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына және жалпы өңір экономикасының дамуына айтарлықтай оң серпін бермек.
Штаб отырысы барысында бірқатар маңызды инвестициялық жобалар жеке-жеке қарастырылып, олардың жүзеге асу барысы мен кездесіп отырған мәселелері жан-жақты талқыланды. Мәселен, Қарабұлақ ауылдық округінде орналасқан «KUZOV KARABULAK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылына 500 дана ауыр жүк көліктеріне арналған тіркемелер шығаратын зауыт салу жобасы өңдеу өнеркәсібін дамыту тұрғысынан алғанда ерекше маңызға ие. Бұл кәсіпорын іске қосылған жағдайда отандық өндірістің үлесі артып, жаңа технологиялар енгізіледі. Жаңа жұмыс орындары ашылады.
Сондай-ақ, Манкент ауылдық округінде жүзеге асырылуы жоспарланған «ZAMAN MILK PRODUCTS» ЖШС-нің тәулігіне 70 тонна сүт өнімдерін өндіретін зауыт жобасы да назардан тыс қалмады. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ал, Арыс ауылдық округіне қарасты «BEK-AGRO KZ» шаруа қожалығының жылына екі мезетте 10 мың бас ірі қара малдан сапалы ет өндіруге және 5 мың бас ірі қара малды бордақылауға арналған мал қора кешенінің құрылысы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде бағаланды.
Жиын барысында инвесторлар тарапынан көтерілген мәселелер де мұқият тыңдалып, оларды шешу жолдары қарастырылды. Аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлы жауапты сала басшыларына барлық мәселелерді жедел әрі сапалы түрде шешуді тапсырды. Инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін, олардың бастамаларына жергілікті атқарушы билік тарапынан әрдайым қолайлы жағдай жасалатынын атап өтті.
Сайрам ауданында инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстардың нәтижесі нақты көрсеткіштерден де көрініс табуда. Мәселен, былтыр негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 170 млрд теңге болып жоспарланғанымен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 181,5 млрд теңгеге жетіп, жоспар 11,5 млрд теңгеге немесе 6,8 пайызға артығымен орындалды. Бұл – ауданның инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.
2025 жылы аудан көлемінде жалпы саны 16 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 570 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында 4 жоба, ауыл шаруашылығы саласында 3 жоба, ал шағын және орта кәсіпкерлік саласында 6 жоба жүзеге асырылды. Бұл көрсеткіштер Сайрам ауданында экономиканы әртараптандыруға және Президент Жолдауында айтылған өңдеу саласын дамытуға басымдық беріліп отырғанын аңғартады.
Алдағы кезеңде де инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табады. 2026 жылы жоспарланған 32 ірі жобаның іске асуы аудан экономикасына жаңа серпін беріп, әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа деңгейіне көтерілуіне жол ашады деп күтілуде.
