Жаңбырлатып және тамшылатып суару технологияларын орнатқан агроқұрылымдарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту ел экономикасын нығайтудың және ауыл халқының әл-ауқатын арттырудың басты тетіктерінің бірі екенін әр кез айтып келеді. Президент Үкіметке берген нақты тапсырмасында: «Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек. Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуымыз қажет. Осы бағытта біршама жұмыс атқарылды. Оның пайдалы екені де көпшілікке белгілі. Алайда, бірлескен шаруашылықтар әзірге ауыл экономикасының тірегі бола алмай тұр. Көбіне мұндай кооперативтерді бірнеше адам ғана құратыны жасырын емес. Олар жеке шаруашылық иелері және өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүреді. Соған қарамастан мемлекеттен жеңілдіктер алады», – деп мәселені ашық көтерді.
Мемлекет басшысы мұндай жағдайлар ауыл халқының табысын арттыруға кедергі келтіретінін айтып, кооператив құру ісі бүкіл ел бойынша жүйелі түрде жүргізілу керектігін баса айтты. «Жеке шаруалар біріге алмаса, мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы бар еңбегі зая кетеді. Сондықтан бұл жұмысты белсенді түрде қолға алуымыз қажет», – деген Президент «Ауыл аманаты» жобасының ауыл тұрғындары үшін зор мүмкіндік беріп отырғанын да атап өтті. Аталған жоба аясында соңғы екі жылда 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, 2029 жылға дейін бағдарламаға шамамен 600 млрд теңге бөлінетіні мәлімделді.
Президент тапсырмаларын іске асыру бағытында бүгінде Түлкібас ауданында нақты жұмыстар атқарылуда. Жақында аудан әкімдігінің конференция залында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін қаржыландыру шарттарын түсіндіруге арналған арнайы жиын өтті. Басқосу аудан әкімінің орынбасары Ғани Құрманбайдың төрағалығымен ұйымдастырылды.
Оған несие беретін қаржы ұйымдарының өкілдері, ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің басшылары, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің мамандары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында берілетін жеңілдетілген несиелердің шарттарын жан-жақты түсіндіру, кооперативтер құрудың тиімді тұстарын талқылау және ауыл кәсіпкерлерін белсенділікке шақыру болды.
Күн тәртібіне сәйкес, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде несие беру шарттары кеңінен қаралды. Бұл мәселе бойынша Түркістан облысының «Ырыс» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аймақтық несие сарапшысы Асқар Исмагулов қатысушыларға жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ол несие алу талаптары, қаржыландыру көлемі, кооперативтер мен жеке кәсіпкерлерге қойылатын негізгі шарттар туралы нақты мәліметтер беріп, жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Айта кетейік, Түлкібас ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылдан бастап іске асырылып келеді. Алғашқы жылы бағдарламаға Балықты, Мичурин, Шақпақ және Рысқұлов ауылдық округтері енгізілген. Осы округтерде бағдарламаның нәтижесінде «Майтөбе-сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, бүгінде сүт өнімдерінің 8 түрін өндіруде. Бұл кооператив жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, ауданның азық-түлік қауіпсіздігіне де өз үлесін қосып отыр.
2024–2025 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Арыс, Жаскешу, Кемербастау және Ақбиік ауылдық округтері қамтылды. Аталған елді мекендерде жеңілдетілген несие беру арқылы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, сонымен қатар жеке кәсіпкерлерге де қаржылай қолдау көрсетілді. Қазіргі таңда бұл кәсіпкерлер өз кәсіптерін жүйелі түрде дамытып, тұрақты табыс көзін қалыптастырып отыр.
2026 жылы да Түлкібас ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін несиелендіру жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке бет бұруына, жеке шаруашылықтардың бірігуіне және ауыл экономикасының нығаюына ықпал етпек.
Жиын барысында тағы бір маңызды мәселе – су үнемдеу технологияларын енгізу жайы да қозғалды. Атап айтқанда, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін қолданудың тиімділігі түсіндіріліп, мұндай технологияларды орнатқан агроқұрылымдарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні айтылды.
Түлкібас ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауыл экономикасының берік тірегіне айналары сөзсіз.
