Түркістанда мәдениет нысандары көбейіп, руханият өркендеп келеді
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мәдениет пен өнер – ұлттың болмысын айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Біз мәдени мұрамызды сақтап қана қоймай, оны заман талабына сай дамытуымыз қажет» деп атап өткен болатын. Бұл тұжырым – еліміздің мәдени саясатындағы басты бағдар ретінде айқындалып, Түркістан өңірінде нақты іске айналып келеді.
Түркістан облысында соңғы жылдары мәдениет саласын дамытуға айрықша мән беріліп келеді. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, 2025–2027 жылдарға арналған аудан, қалалардағы мәдениет нысандарының құрылысына бағытталған үш жылдық жоспар бекітілген. Осы құжатқа сәйкес, өңірде алдағы үш жылда 30 жаңа мәдениет нысаны бой көтермек.
Қазірдің өзінде облыстағы барлық мәдениет ошақтарына мониторинг жүргізіліп, олардың жай-күйі сараланып, нақты ұсыныстар әзірленуде. Бұл бастама тек жаңа нысандарды салумен шектелмей, мәдени-рухани жұмыстардың мазмұнын арттырумен де жалғасып отыр. Мәселен, облыс аумағындағы кәсіби үш театр биыл көрерменге 15 жаңа қойылым ұсынуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі байқаулар мен фестивальдер жаңаша форматта, заманауи сипатта өткізілмек.
Түркістан қаласының өзінде де мәдениет саласына серпін беретін ірі жобалар қолға алынған. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралау барысында салынып жатқан жаңа мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Түркістан қаласы әкімдігінің Құрылыс бөлімінің тапсырысымен бой көтеріп жатқан бұл нысан – 500 орындық заманауи көрермен залы бар, өңірдегі ең ірі мәдени орталықтардың бірі болмақ. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
– Мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Қала тұрғындарының өнер мен руханиятқа жақын болуына жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бұл мәдениет үйі – келешек ұрпаққа қалатын игі мұра. Қаламыздың мәдени әлеуетін көтеретін маңызды орталыққа айналады деп сенеміз, – деген қала басшысы мердігер компанияға құрылыс сапасы мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, жұмысты мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Бүгінгі Түркістан – әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан серпінді дамып келе жатқан заманауи қала. Мұнда жаңа мектептер, ауруханалар, спорт және мәдениет нысандары, жолдар мен тұрғын үйлер бой көтеріп, халықтың өмір сапасын арттыруға жағдай жасалып жатыр. Мәдениет саласындағы жаңа жобалар да осы дамудың бір тармағы ретінде ерекше маңызға ие. Ал жуырда пайдалануға берілетін жаңа мәдениет үйі Түркістанның рухани өміріне тың серпін беріп, жас ұрпақты өнер мен мәдениетке баулитын шынайы өнер ордасына айналмақ.