Кентауда мәдениет үйі мен ет өндірісі орталығы салынып жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жаңарту, әлеуметтік нысандарды көбейту, сондай-ақ өңірлік өндірісті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысында да бұл бағытта бірқатар іргелі жобалар қолға алынуда. Соның бірі – Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы құрылыс нысандары.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Қарнақ ауылындағы мәдениет үйі мен мал бордақылау кешенінің құрылыс барысымен танысты. Аймақ басшысы нысандарды аралап, мердігер мекеме өкілдерімен және кәсіпкерлермен кездесіп, нақты тапсырмалар жүктеді.

Қарнақ ауылында салынып жатқан мәдениет үйі 300 орынға лайықталған. Жалпы аумағы – 0,7 гектар. Қазіргі таңда нысанның монолитті конструкциялары құйылып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құрылысын «РСУ-1» ЖШС жүзеге асыруда. Биылғы жылға 793 млн теңге бөлінген. Нысан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін немесе 2026 жылдың басында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Сапар барысында облыс әкімі Қарнақ ауылында салынып жатқан ірі бордақылау алаңы – «Kaz Real Meat» ЖШС жобасымен де танысты. Жоба алғашқы кезеңде 1500 бас ірі қара етін өндіруге қауқарлы болса, екінші кезеңде қуаттылығы 5000 басқа дейін жеткізілмек. Жалпы құны 1 млрд теңге болатын жоба аясында 25 тұрақты жұмыс орны ашылады. 31 гектар аумақта орналасқан кешеннің өнімі ішкі нарыққа бағытталып қана қоймай, шетелге экспорттау да жоспарланған.

Сонымен қатар, облыс басшысына Қарнақ ауылында жүзеге асырылатын шағын өндірістік парктің жобасы таныстырылды. Бұл бастамалар Кентау қаласының ғана емес, бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретіні сөзсіз.

Айта кетейік, бұл жобалардың барлығы – ел Президентінің өңірлердегі халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық саясатының нақты көрінісі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жауапты тұлғаларға құрылыс сапасы мен мерзімі қатаң бақылауға алынатын болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *