Түркістанда жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілмек
«Мәдениет пен өнер – ұлттың болмысын айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Біз мәдени мұрамызды сақтап қана қоймай, оны заман талабына сай дамытуымыз қажет», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент ұстанған осы бағыт бүгінде Түркістан облысында нақты іске айналып келеді.
Соңғы жылдары облыста мәдениет саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, 2025–2027 жылдарға арналған аудан, қалалардағы мәдениет нысандары құрылысының үш жылдық жоспары бекітілген. Аталған жоспарға сәйкес, өңірде алдағы үш жылда 30 жаңа мәдениет нысаны бой көтеруі тиіс.
Қазіргі таңда облыстағы барлық мәдениет ошақтарына кешенді мониторинг жүргізіліп, олардың жұмысын жандандыру бойынша нақты ұсыныстар әзірленген. Бұл бастамалар тек жаңа нысандар салумен шектелмей, шығармашылық бағыттағы жобалармен де ұштасуда. Мәселен, облыстағы кәсіби үш театр биыл көрерменге 15 жаңа қойылым ұсынуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, жыл сайын өткізіліп келе жатқан байқаулар мен фестивальдер жаңаша сипатта ұйымдастырылып, мәдени кеңістікті жандандыруға сеп болып келеді.
Түркістан қаласының өзінде де мәдениет саласына серпін беретін ірі жобалар жүзеге асырылуда. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралау барысында салынып жатқан жаңа мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Түркістан қаласы әкімдігінің Құрылыс бөлімінің тапсырысымен бой көтеріп жатқан нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жуырда 500 орынға арналған заманауи көрермен залы бар мәдениет үйі халық игілігіне беріледі деп күтілуде.
– Мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Қала тұрғындарының өнер мен руханиятқа жақын болуына жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бұл мәдениет үйі – келешек ұрпаққа қалатын игі мұра. Қаламыздың мәдени әлеуетін көтеретін маңызды орталыққа айналады деп сенеміз, – деген қала басшысы мердігер мекемеге құрылыс сапасы мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, жұмысты уақытында аяқтауды тапсырды.
Бүгінгі Түркістан – әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан заманауи қала. Жаңа мектептер, ауруханалар, спорт және мәдениет нысандары, жолдар мен тұрғын үй кешендері – мұның бәрі халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Мәдениет саласындағы серпінді жобалар осы даму көшінің бір тармағына айналып отыр. Бұйыртса, Түркістанда жаңадан бой көтеріп жатқан мәдениет үйі елдің рухани өміріне серпін беретін, жас ұрпақты өнер мен мәдениетке баулитын шынайы өнер ордасына айналмақ.