Президент тапсырмасы: Кентауда индустриалды аймақ дамып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде өңірлік өндіріс орындарын дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласына жұмыс сапарымен барып, индустриалды аймақтың жай-күйімен танысты.
Аймақ басшысы Кентау индустриалды аймағында орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысын көріп, өндіріс басшыларымен пікір алмасты. Қазіргі таңда индустриалды аймақта жалпы аумағы 43 гектарды құрайтын кешенде 7 жоба іске асырылған, жыл соңына дейін тағы 3 жобаны іске қосу жоспарланған.
Облыс әкімі «АБН Альянс» ЖШС-нің полиэтилен құбырларын шығаратын зауытын аралап, өндірістік желінің мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар зауыт аумағында құрылыс кірпіші өндірісі де жолға қойылған. Мұнда 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның жалпы құны – 1,5 млрд теңге.
2025 жылы Кентауда жалпы 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Олардың ішінде өнеркәсіп саласы бойынша 4 нақты жоба құрылмақ. Бұл арқылы 310 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жобалардың екеуі арнайы экономикалық аймақта, екеуі индустриалды аймақта іске асырылады.
Солардың бірі – «TURAN SHENHUA» ЖШС, онда газ қазандықтары мен тұрмыстық техника өндіру көзделген. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қараша айында аяқталады. Жоба құны – 2,4 млрд теңге, ал 120 адам тұрақты жұмысқа орналаспақ.
Сондай-ақ индустриалды аймақта «АйдарСтройГрупп» ЖШС металл бұйымдар өндірісін қолға алуда. Жоба бойынша 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, өндіріс іске қосылады деп күтілуде.
Металл конструкцияларын өндіру бойынша тағы бір жоба – «Сапар Құрылыс-С» ЖК. Бұл кәсіпорын арнайы экономикалық аймақта бой көтеруде. Мұнда 60 адам жұмыспен қамтылады. Жобаның құны 400 млн теңгені құрайды.
Облыс әкімі индустриалды аймақтағы жұмыстарды жоғары бағалап, бұл бағыттағы бастамаларға қолдау болатынын жеткізді. Сонымен қатар өндірісті дамыту, инвесторлармен байланысты нығайту және жобаларды уақытылы аяқтау жөнінде жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар берді.
Бұл бастамалар өңір экономикасын әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.