Президент тапсырмасы: «Дарбаза–Мақтаарал» темір жолы халықаралық дәлізге айналады

Бүгінде Мақтаарал ауданында әлеуметтік-экономикалық дамуға тың серпін беретін ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Әрбір өңірдің дамуы – тұтас елдің өркендеуінің кепілі. Инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығын қолдау және транзиттік әлеуетті арттыру – мемлекет саясатының негізгі бағыттарының бірі», – деген болатын.

Осыған сай ауданда 2025 жылы іске асырылып жатқан ИДЖЖЖ-2 (ПУИД-2) жобасы ерекше маңызға ие. Жоба аясында 39 796 гектар жерді қамтитын аумақта су шаруашылығы нысандары қайта жаңғыртылуда. Үш кешен бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарында 223 суару каналы, 208 қашыртқы және 150 тік дренаж толықтай күрделі жөндеуден өтуде. Бұл ауыл шаруашылығымен айналысатын мыңдаған шаруаға өнімділікті еселеп арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында салынып жатқан «Дарбаза–Мақтаарал» темір жол желісі ауданның дамуына жаңа тыныс сыйлайтын ерекше жоба болып табылады. Ұзындығы 152 шақырымды құрайтын темір жол құрылысының жалпы құны – 286 млрд теңге. Жоба 2026 жылдың соңында аяқталмақ. Жылына қосымша 10–14 млн тонна жүк өткізу жоспарланып, болашақта бұл көрсеткіш 20–25 млн тоннаға дейін артады. Бұйыртса, жоба «Сарыағаш–Ташкент» бағытының жүктемесін азайтып, Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Өзбекстанға бағытталған жүк тасымалының жаңа дәлізін ашатын болады.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде былай деген болатын: «Ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін күшейту қажет. Мұнда көлік-логистика мүмкіндіктерінің шектеулі болуы кедергі келтіреді. Мысалы, еліміздегі логистика мен сақтау жүйелерінің жеткілікті болмауынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер зор шығынға ұшырап отыр. Сондықтан сақтау инфрақұрылымын, соның ішінде элеваторлар, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймаларын дамыту маңызды бағыт болуға тиіс.

Сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салу мен жаңғыртудың кешенді жоспары қабылданды. Бұл жұмысты ұдайы бақылауда ұстау керек. Біз дәстүрлі өткізу нарықтарын сақтап қана қоймай, түрлі елдердің талаптарына бейімделген икемді жеткізу жүйесін құра отырып, экспортты әртараптандырғанымыз жөн.

Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан және Ауғанстанға жоспарлы түрде астық тасымалдау жұмысы басталды. Иран нарығына кіруге рұқсат алып, 250 мың тонна арпа жөнелттік. Сондай-ақ Қытайға, Еуропа Одағы елдеріне және Солтүстік Африкаға астық жеткізіледі. Теңізбен тасымалдауды арттыру үшін Құрық портында жаңа астық терминалы іске қосылды. Жаңа нарықтардың азық-түлікке сұраныс көлемі ұлғайып келе жатқанын ескерсек, Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий бағыты сияқты халықаралық дәліздердің рөлі арта түседі.

Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік-логистикалық орталығы ретінде құру жөніндегі стратегиялық міндет – менің кейінгі жылдардағы халықаралық деңгейде жүргізіп жатқан келіссөздерімнің басты тақырыбына айналды. Бұл мәселеде аталған дәліздерге ыңғайлы жол табу және ішкі логистиканы жақсарту өте маңызды. Сондықтан алдағы алты жылда (2030 жылға дейін) біз теміржол желісін ауқымды түрде жаңғыртуды көздеп отырмыз. Он бір мың шақырым темір жолды жөндеп, бес мың шақырымнан астам жаңа темір жол салу жоспарлануда.

Қазірдің өзінде «Дарбаза – Мақтаарал», «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз» және «Алматы қаласының айналма жолы» сияқты ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл Орталық Азия мен Қытай бағытындағы жүк тасымалының артуына жол ашады».

Еліміздің транзиттік әлеуеті – экономикамыздың жаңа мүмкіндіктері. Сондықтан біз көрші мемлекеттермен тығыз ынтымақтаса отырып, Қазақстанды өңірлік көлік-логистика хабына айналдыруымыз керек. Осы жағынан алғанда Мақтаарал ауданының теміржолға қосылуы агробизнес пен жергілікті өндіріс үшін жаңа көкжиектер ашатынына сенім мол. Бұйыртса, аудан тұрғындары үшін жаңа сауда орындары салынып, жабылған тұйықтар қайта жанданады, жүздеген жаңа жұмыс орны құрылады.

Ауданның логистикалық әлеуетін арттыратын тағы бір жоба – М-39 «Ташкент–Термез» дәлізінің 24,1 шақырым жолына орташа жөндеу жұмыстарының басталуы. Келесі жылы пайдалануға берілетін бұл көлік дәлізі «Целинный» және «Сырдария» шекара өткізу бекеттерінің мүмкіндігін кеңейтіп, жүк көлігі мен жолаушылар транзитін еселеп арттырады.

Мақтааралдағы әрбір жаңа жоба ел Президенті атап өткендей, «Әділетті Қазақстанды құрудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың нақты қадамы». Суармалы егіншіліктің өркендеуі, теміржол мен автомобиль дәліздерінің дамуы, шекаралық сауданың жандануы ауданның ғана емес, облыстың да экономикалық келешегін айқындай түседі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *