Жолдау жүктеген міндет: Мақтааралда ауыз су мен жол сапасы басты назарда
Мақтаарал ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және ішкі көшелердің инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Елді мекендердің инженерлік-коммуникациялық желілерін жаңарту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауының маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Президент Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Әділетті Қазақстанның» іргесін қалау үшін бірінші кезекте халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер шешілуі тиіс екенін атап өткен болатын. Соның ішінде ауыз су мәселесінің тікелей халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына әсер ететін негізгі фактор екенін тілге тиек етіп, бұл мәселенің Үкімет пен жергілікті әкімдіктердің күн тәртібінен түспеуі тиіс екенін баса айтқан болатын.
Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданындағы елді мекендердің барлығы дерлік ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Бұл – үлкен жетістік. Алайда, кейбір ауылдардағы ауыз су жүйелерінің физикалық тұрғыда тозуы мәселенің екінші жағы ретінде өзекті болып отыр. Осы ретте, тозығы жеткен 7 елді мекенде қайта құру жұмыстары қажет етілуде. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстар Атакент кенті мен Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Өркениет елді мекенінде басталып кетті. Ауыз су жүйелеріне құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жоба толық аяқталған соң, ауыл тұрғындарына сапалы, үздіксіз және қауіпсіз ауыз су қолжетімді болады.
Инфрақұрылымның тағы бір маңызды бөлігі – жергілікті жолдардың жағдайы. Президент ауылдардағы жолдарды жаңарту жұмыстарының қарқынын төмендетуге болмайтынын қатаң ескертіп келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде: «Менің тапсырмаммен Үкімет бес жылды қамтитын тұжырымдама қабылдады. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Биыл 200-ге жуық ауылға су құбырын тарту үшін қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл халқының 95 пайыздан астамы таза сумен қамтамасыз етіледі. Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы жоба қолға алынды. Бүгінге дейін 140-тан астам нысан салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 13 ауыл мектебі пайдалануға берілді. Соңғы бес жылда жергілікті маңызы бар 38 мың шақырым жол жөнделді», — деген болатын.
Ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауыл көшелерінің жағдайын жақсартуға басымдық берілуде. 2025 жылы ұзындығы 21,8 шақырым болатын 24 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттерден 538,3 миллион теңге қаржы бөлінді. Ал, 2025-2026 жылдар аралығында тағы 14,9 шақырымды құрайтын 21 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 150 миллион теңге қаражат бөлініп, нақты жұмыстар басталып кетті. Жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, аудандағы ішкі көшелердің жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 79,5%-ға жетпек.
Мақтаарал ауданындағы ауыз су жүйесін жаңарту және ішкі жолдарды жөндеу елдің болашағы үшін жасалып жатқан маңызды жұмыстардың бірі болып табылады. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
