Президент тапсырмасы: Қазығұрт ауданында 48 азамат тұрғын үймен, 385 азаматқа жермен қамтылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырған болатын. Бүгінде Қазығұрт ауданында тұрғын үймен қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүруде. 2024 жылы ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 11,4 миллиард теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткішті 12,2 миллиард теңгеге жеткізу көзделген. Биыл алты айдың қорытындысы бойынша 5 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары орындалды, бұл жоспарға сай даму көрсеткіші болып табылады.

Пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі де айтарлықтай артқан. Жоспар бойынша 33,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, алты айдың ішінде 16,9 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғындарға тапсырылды. Бұл Қазығұрттағы тұрғын үй мәселесін шешуде үлкен қадам.

Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды қолдау мақсатында 2025 жылы бюджеттен 748 миллион теңге бөлініп, жыл соңына дейін 48 азамат тұрғын үй пәтерімен қамтылуы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 80 гектар жерге қажетті инженерлік инфрақұрылым салу жұмыстары жүргізіліп, жер кезегінде тұрған 385 азаматқа жер телімдері берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан тұрғын үй құрылысы саласына айрықша назар аударған жөн. Былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Сонымен бірге құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект технологияларының (Building Information Modeling, BIM) көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану керек.

Үкімет құрылыстың барлық кезеңдерін толық есепке алуды, жоспарлауды, оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу қажет. Ал, жаңа Құрылыс кодексі осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына жол ашатын берік заңнамалық негізге айналуға тиіс», — деген болатын. Сонымен қатар, Президент «Біздің басты міндетіміз — әр азаматтың тұрмыс сапасын арттыру. Сондықтан мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға баса мән беріп отыр. Осы мақсатта елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Халықты қолжетімді баспанамен қамту үшін көптеген жеңілдіктер жасалып жатыр. Адамдардың қарапайым тұтынудан жинақтауға көшу қажеттігін түсінуі маңызды», — деген-ді.

Қазығұрт ауданында тұрғындарды баспанамен және жермен қамтамасыз ету бағытында атқарылған шаралар Президенттің тұрғын үй және жер мәселесін шешуге бағытталған бастамаларының нәтижелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыстар елдің экономикалық өсіміне және әлеуметтік тұрақтылығына үлкен септігін тигізеді. Алдағы уақытта да аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғаса береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *