Жаңа нысандар – ұлттық құндылық пен руханиятты жаңғыртудың кепілі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында мәдениет саласын дамытуға ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы: «Халықтың рухани сұранысын өтеу, мәдениетке қолжетімділікті қамтамасыз ету – стратегиялық міндет. Әсіресе, ауылдық жерлерде мәдени нысандардың көбеюі – азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер етеді», – деп атап өткен болатын.
Осы тапсырмаларға сәйкес бүгінде елдің барлық өңірлерінде мәдени инфрақұрылымды жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ретте Түркістан облысы, оның ішінде Келес ауданы да бұл үрдістен шет қалмай, нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бүгінде ауданда 8 мәдениет үйі мен 11 клуб халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді. Бұл мекемелер – ауыл тұрғындарының шығармашылық әлеуетін дамытатын, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыратын, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін маңызды орталықтарға айналған.
Мәдениет үйлерінде ән, би, драма үйірмелері, көркем өнер шеберханалары жұмыс істеп, түрлі деңгейдегі мәдени-көпшілік шаралар өткізіліп келеді. Бұл – Мемлекет басшысы айтқан «Мәдени жаңғырудың» нақты көрінісі. Соңғы жылдарда аудан аумағында жаңа мәдени нысандар салу және қолданыстағыларын жаңғырту жұмыстары жолға қойылды. Атап айтқанда, Ошақты ауылдық округіне қарасты Жиделі елді мекенінде 75 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Бұған дейін бұл ауылда мәдени шаралар мектеп ғимараттарында өткізіліп келген еді. Енді тұрғындар арнайы жабдықталған заманауи нысанда сапалы мәдени қызмет алуға мүмкіндік алды.
Қазіргі таңда тағы төрт елді мекенде жаңа мәдениет нысандарын салу бағытында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, тиісті министрліктерге ұсынылған. Бұл жобалар Алпамыс батыр, Біртілек, Ұшқын және Жүзімдік ауылдық округтерін қамтиды. Жүзімдік ауылдық округінде жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталып, қарқынды жүргізілуде. Қалған үш округте дайындық және сараптамалық жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жобалар іске асқан кезде аудан бойынша мәдениет нысандарымен қамтылған ауылдар саны артып, тұрғындардың мәдени өмірі жаңа сапалық деңгейге көтеріледі.
2024–2025 жылдарға арналған ауданның даму жоспары аясында Келестің орталығы – Абай ауылында жаңа аудандық музейдің құрылысы басталды. Бұл нысан Келес өңірінің тарихи-мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және жас ұрпаққа тәрбиелік мәні зор экспозициялар ұсыну мақсатында бой көтеруде. Аталған жоба үшін арнайы жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі алынған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама Мемлекет басшысының: «Ұлттық тарихты ұлықтау және оны өскелең ұрпаққа жеткізу – әрбір аймақтың басты миссиясы болуы тиіс», – деген тапсырмасына толық жауап береді.
Мәдениет саласын дамытуда ҚР Парламенті мен Үкіметі тарапынан да нақты қолдау көрсетіліп отыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында мәдениет үйлерін салуға арналған субсидиялар қарастырылған. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жергілікті жобаларға сараптама жасап, қаржыландыру тетіктерін айқындап келеді. Түркістан облысының әкімдігі мен облыстық мәслихат депутаттары аудан бастамаларын республикалық деңгейде қолдауға күш салып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында: «Мәдениет – ұлттың рухани өзегі. Оның дамуы елдің ішкі тұрақтылығы мен болашағына тікелей әсер етеді», – дей келе, мәдениет саласының мамандарына жағдай жасауды, ауыл тұрғындарының мәдени өмірге қолжетімділігін арттыруды басты міндет ретінде алға қойған болатын.
Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар осы сөздің айқын дәлелі. Тек ғимараттар ғана емес, онда жұмыс істейтін мамандар мен шығармашылық ұжымдардың әлеуеті де артып келеді. Жаңа нысандар салынған сайын ауылдағы талантты жастарға жол ашылып, өнер мен мәдениетке деген қызығушылық арта түсуде. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлерде мәдени ортаның дамуына серпін береді.
Келес ауданында мәдениет саласын жаңғыртуға бағытталған жұмыстар – ел Президентінің тапсырмаларын жүйелі іске асырудың нақты көрінісі. Жаңа мәдениет үйлері, клубтар мен музей құрылысы – ел руханиятына салынған инвестиция. Бұл бастамалар іске асқанда, аудан тұрғындары үшін мәдени орта қолжетімді бола түсіп, ұлттық дәстүрлер мен рухани құндылықтарды сақтау мен жаңғыртуға тың серпін беретіні сөзсіз.