Бәйдібектегі ілгері қадамдар: су қоймасы, спорт кешені, жаңа мектеп
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы өңірлерде қолға алынған нақты жобалар арқылы айқын көрініс табуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында: «Әлеуметтік әділеттілік – ел дамуының іргетасы. Сондықтан ел тұрғындары үшін сапалы білім, қолжетімді медицина, инфрақұрылым және қауіпсіз орта жасау – мемлекет міндеті», – деп атап өткен болатын. Президенттің бұл тапсырмасы бүгінде Түркістан облысының Бәйдібек ауданында нақты істермен жүзеге асырылып жатыр.
Жуырда Түркістан облысы құрылыс басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушысы Абай Турханов бастаған сала мамандары ауданға іссапармен келіп, өңірдегі бірқатар маңызды құрылыс нысандарының жай-күйімен танысты. Делегацияны аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Тұрсынәліұлы Қырғызалиев қарсы алып, жоспарланған жобалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысын бірге зерделеді.
Сапар ең алдымен Боралдай ауылдық округіндегі стратегиялық маңызы зор Бәйдібек ата су қоймасы құрылысынан басталды. Аталған жоба облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша іске асуда. Жалпы құны 15,7 миллиард теңгені құрайтын бұл су шаруашылығы нысаны егістік алқаптарды сумен қамтамасыз етуге, су тапшылығы мәселесін шешуге және ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға ықпал етпек. Құрылыс жұмыстарын «МК Технострой Сервис» ЖШС жүргізіп жатыр. 2023 жылдың қазанында басталған жоба 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл нысан іске қосылған кезде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылым болары сөзсіз.
Келесі барған нысан – Шақпақ ауылында салынып жатқан заманауи спорт кешені. Жалпы құны 431,5 миллион теңгені құрайтын бұл нысан жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталған, нысан 2025 жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жобаның іске асырушысы – «Real Story Invest» ЖШС, жобалаушы – «МПК-Проект» ЖШС, ал техникалық қадағалаушысы – «Орда Услуг» ЖШС. Бұл кешен ауыл жастарының бұқаралық спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына және әлеуметтік белсенділігін арттыруға зор мүмкіндік береді.
Сапар аясында делегация Шаян елді мекенінде салынып жатқан 300 орындық жаңа мектептің құрылысымен де танысты. Жобаның жалпы құны – 3 миллиард 553,6 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «Тамыз Құрылыс ББК» ЖШС жүргізуде. Жобалаушы – «АРХИпелаг» ЖШС. Мектептің құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылдың тамыз айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл білім ошағы оқушыларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасап, аудандағы мектеп тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етпек.
Сапар барысында сала мамандары құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінің сақталуына ерекше көңіл бөліп, жобалардың тиісті талаптарға сай жүзеге асуын жіті бақылауға алды. Бірқатар техникалық және ұйымдастырушылық мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, ұсыныстар айтылды.
Жалпы алғанда, Бәйдібек ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруде. Су қоймасы, спорт кешені мен жаңа мектеп сынды нысандардың іске қосылуы жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жастардың жан-жақты дамуына жол ашады.
Мұндай жобалар Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі болып табылады. Алдағы уақытта Бәйдібек ауданында әлеуметтік маңызы зор өзге де жобалардың жүзеге асатынына сенім мол.