Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты

– Бұл – мерейлі белес. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Түркі мемлекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішінде беделді құрылымға айналды. Оның әлемдік мәртебесі артты. Бұл – ең алдымен, берекелі бірлігіміздің, ортақ күш-жігеріміздің арқасы. Осы басқосу ырысты ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

– Қазақстан Ұйымның іс басындағы төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын көтерді. Түбі бір түркі жұртын біріктіруге баса мән бердік. Жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аудардық. Осы уақыт аралығында нақты жетістіктерге қол жеткіздік. Бірқатар жобаны жүзеге асырдық. 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады. Былтыр Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылдадық. Оның ережесі бекітілуге дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жалғастырып келеді. Мұны түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған қадам деп бағалаймын. Бүгінгі саммитке қырғыз бауырларымыз «Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік» тақырыбын ұсынып отыр. Бұл ұсыныс бәріміздің мүддемізге сай келеді. Соңғы 10 жылда ұйым мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар нығая түсті. Биыл өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асты. Осы көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады. Оған мүмкіндігіміз жетеді, – деді Президент.