Айнаш «Күміс жас» жобасы арқылы жұмыс тапты

Арыс қаласының тұрғыны Кузенбаева Айнаш ағымдағы жылдың қаңтар айында Арыс қалалық мансап орталығына жүгінген болатын. Мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат алғаннан кейін «Күміс жас» жобасы бағытын таңдап «Алмагүл шебер» ЖК — не жұмысқа жолданып, қазіргі уақытта сол жерде табысты жұмыс істеуде.

– Мен Арыс қалалық мансап орталығына қаңтар айында жүгіндім, ал 1 ақпан күні мені жұмысқа орналастырды. Менің жасымды ескере отырып, олар маған осындай қысқа мерзімде лайықты жұмыс табады деп ойламадым. Бұл біздің жастағы азаматтарға арналған керемет мүмкіндік. Өзімнің құрдастарына осы жобаға қатысуға кеңес беремін — дейді Айнаш Уразалықызы.

Елімізде жастарға қарағанда егде жастағы адамдардың жұмыс табуы қиын екені рас. Зейнеталды жастағы адамдар жұмыс істеп, жинақтаушы зейнетақы қорына жарнасын аударып отырмаса, күні ертең оның зейнетақысы мардымсыз болып қалады. Сондықтан, Ел Үкіметі «Күміс жас» жобасын жүзеге асырған болатын.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, аталмыш жобаға қатысушылардың жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Жобаға қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Ал, осы 12 айдан соң жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті. Бүгінде «Күміс жас» жобасы аясында 2023 жылы Түркістан облысында 2 103 адам жұмысқа орналасты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *