Жолдау жүктеген міндет: Түркістан облысында интернет-алаяқтық мәселесі талқыланды
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғам өмірінің негізгі тірегіне айналдыру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күресті күшейту басты басымдықтардың бірі екенін атап өткен болатын. Осы міндеттер аясында өңірлерде, соның ішінде Түркістан облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу, киберқылмыстармен күрес тетіктерін жетілдіру және мемлекеттік органдар мен жеке сектор арасындағы өзара іс-қимылды нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осыған орай, 2025 жылдың қорытындысымен Түркістан облысында интернет-алаяқтық қылмыстарының ахуалы талқыланған «Интернет-алаяқтықпен күрес: талдау, практика және басым бағыттары» тақырыбындағы жиын өтті. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов төрағалық етті.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары әрбір айтылған ұсыныс назарға алынатынын жеткізіп, интернет-алаяқтықпен қоғам болып күресуге шақырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру баршамызға маңызды міндет екенін атап өтті. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәптіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзі бар. Мемлекеттің дамуы үшін мызғымас тәртіп пен отаншылдық қажет. Қоғам тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің кепілі – заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуы. Осы мақсатта облыста бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Қазіргі таңда жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект қарқынды даму кезеңінде интернет желісін пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың ауқымы кеңейіп, жаңа әдіс-тәсілдері пайда болуда. Осыған орай, кибералаяқтардың арбауына түскен жәбірленушілер саны да күн сайын өсуде. Мемлекет басшысы Бас прокуратурада өткізген жиында Киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажеттігін атап өтті. Бүгінгі жиын – жоғарыда айтылған өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды алаң. Осы жиын барысында өзекті мәселерді ашық айтып, тәжірибе алмасып, нақты ұсыныстарыңызды білдіре аласыздар. Әрбір айтылған ұсыныс пен пікір болашақтағы оң өзгерістерге негіз болады деп сенемін. Интернет-алаяқтықпен қоғам болып күресуге шақырамын – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Жиынға қатысушылар өзекті мәселелерді жан-жақты талқылап, маңызды ойлар айтты. Бұл жиын – тек пікір алмасу алаңы емес, киберқылмыстарды ашу және алдын алу бағытындағы нақты істердің бастауы болды.
