Өңірімізде 110 мыңнан астам адамы бар 27 мың отбасы АӘК алады

Мемлекетімізде қабылданып жатқан ана мен баланы әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін статистика растап отыр. 2020 жылы бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақыны 430 686 әйел  алды, тағайындалған жәрдемақы мөлшері 175 мың теңгені құрады. 2020 жылы бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 317,3 мың әйел төлем алды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық. Төлемнің орташа мөлшері 32 мың теңгені құрайды.

2018 жылдан бастап мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың өсу қарқыны байқалады. Мәселен, 2016 жылы АӘК-ті 28,8 мың адам алса, 2018 жылы 571,6 мың адам АӘК алды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылар саны 936,2 мың адамды құрады. Сондай-ақ төленетін жәрдемақылардың орташа айлық мөлшері 2016 жылғы 2,4 мың теңгеден 2020 жылы 6,6 мың теңгеге дейін өсті.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта мемлекет аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қатысты мектепте тегін тамақтандырумен және тегін мектеп формасымен қамтамасыз етуді ұйымдастыруда. Айта кетейік, Түркістан облысында өткен оқу жылында бастауыш сыныпта оқитын 200 мыңға жуық бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Оған тиісті қаржы бөлінді.

Түркістан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы таратқан мәліметтерге сүйенсек, өңірімізде 110 мыңнан астам адамы бар 27 мың отбасы АӘК алады. Осы отбасыларда 70 мыңнан аса бала тәрбиеленіп отыр. Жалпы өңірімізде аз қамтылған отбасыларда 1-6 жас аралығындағы 48,7 мың бала бар. Оларға өткен жылы 1 млрд. 695,2 млн. теңге көлемінде қосымша әлеуметтік төлем тағайындалды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *