«Бізге әйелдер кәсіпкерлігін дамытатын жаңа жобалар қажет»

Түлкібас аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Нұржамал Қырғызәлиева мемлекет тарапынан әйелдер кәсіпкерлігін дамытатын жобалар көп болса екен дейді. Айталық, қазіргі таңда мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдетілген несиелер ауыл шаруашылығы саласына бағытталған. Осы салада еңбек еткісі келетіндерге бұл үлкен мүмкіндік. Оны жоққа шығаруға болмайды. Алайда, әйелдер қауымы ауылшаруашылығы саласынан гөрі тігіншілікпен айналысуға, кондитерлік өнімдерді шығаруға, сұлулық салондарын ашуға қызығады. Міне, сондықтан да Нұржамал Қырғызәлиева қыз-келіншектердің кәсіпкерлігін дамытуға арналған жобалардың көп болғанын қалайды.

—  Ауданда мектеп формасын тігумен айналысатын Айжамал деген қызымыз бар. Оған бірыңғай мектеп формасын тігу үшін замануи құрал-саймандар қажет. Айжамалдың қоластында бірнеше тігінші жұмыс істейді. Дегенмен, ол кәсібін ары қарай дамытып, ұлғайтқысы келеді. Біз өз тарапымыздан Айжамалға көмектестік. Жобалаларын бірнеше конкурста қорғады. Дегенмен, қазіргі таңда елімізде кәсіпкерлікті бастаймын және дамытамын деген азаматтарға берілетін көмектердің басым бөлігі ауылшаруашылығы саласына бағытталып отыр. Соның салдарынан көптеген қыз-келіншектер өздерінің сүйікті ісін дөңгелете алмай отыр.

Айта кетейік, аудандағы іскер әйелдер кеңесі өңірімізде кәсіппен айналысуға қызығушылық білдірген барлық қыз-келіншектерге қолдау көрсетуге қашанда әзір. Бүгінде біздің қолымыздың арқасында бірқатар қыз-келіншектеріміз кәсібін ашып немесе кәсібін ұлайтуға мүмкіндік алып отыр. Мәселен, Маржан деген кәсіпкер қызымыз 3 млн теңге қайтарымсыз несие алып, сүт өнімдерін өндіретін зауыт ашты. Бүгінде ол қаймақ, ірімшік, сүзбе шығаруда. Әрі бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауыл тұрғындары сүттерін Маржанның зауытына өткізіп, олардың да қосымша табыс табуына ықпал етуде.

Аудандағы іскер әйелдер кеңесіне мүше болған әйелдердің тең жартысын зейнет жасындағы аналар құрауда. Олар да өз кәсіптерін ашып, жаңа мамандықты меңгеріп, өздерінің сүйікті істерімен айналысуда. Солардың бірі Гүлнәр Әшімқызы. Ол қазір «Дулат» клиникасында бас дәрігер қызметін атқарып, халықтың денсаулығын түзеуге үлес қосуда. Ақмарал деген келіншек те кондитерлік өнімдер шығаратын цех ашып, тұрғындарды өзінің қолынан шыққан тәттілермен қуантуда. Ұлттық киім тігетін тігін цехы бар қыздарымыздың да қатары артып келеді, — дейді  Нұржамал Қырғызәлиева.

Бүгінде Түлкібас аудандық іскер әйелдер кеңесінде 15 мүше бар. Оларды жұрт кәсіпкер ретінде ғана емес, түрлі қоғамдық шараларға белсенді түрде қатысатын адамдар деп біледі. Іскер әйелдер қайырымдылық, жақсылық жасаудан ешқашан бас тартпайды. Сонымен қатар, олар кәсіпкерлікті, іскерлікті дамытуға арналған түрлі форумдарға қатысып, өздерінің білімі мен біліктілігін жетілдіріп отырады.

— 40 жыл үздіксіз жұмыс істедім. Соңғы жұмыс орным «Ырыс» микроқаржы ұйымы болдым. Сол микроқаржы ұйымынан зейнеткерлік демалысқа шықтым. Қазіргі таңда бағдарлама бойынша несие алушылардың кепіл мүлкінің құнын шығарамын, мемлекеттік бағдарлама бойынша кеңес беремін. Сонымен қатар, 2015 жылдан бері аудандағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымымын. Бүгінде ауданда 6800 кәсіпкер тіркелген болса, соның 48 пайызын қыз-келіншектер құрайды. Жоғарыда мемлекет тарапынан берілетін көмектерді айтып өттім ғой. Солардың қатарына аудандық жұмыспен қамту орталықтары арқылы кәсіптік бағытта оқытылатын 3 айлық курстарды да жатқызуға болады. Бұл курстарды оқыған қыз-келіншектеріміз шаштараз, аспаз, тігінші мамандықтарын меңгеріп шығады, — дейді Нұржамал Қырғызәлиева.

Айта кетейік, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан Іскер әйелдер кеңесі өңірлік кәсіпкерлер палаталары алаңдарында Өңірлік іскер әйелдер кеңестері, сондай-ақ, аудандық деңгейде дәл осындай кеңестер жұмыс істейді. Осыдан біраз уақыт бұрын Астанада Қазақстан Республикасы  Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің І конгресі өтті. Конгресте Ұлттық палата жұмысы аясында Кеңес қызметін жүргізудің стратегиялық келешегі, елімізде әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы ахуалды жақсарту бағыттары, сондай-ақ, әйелдер қатысатын шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Кеңесті құрудың басты идеясы – өңір әйелдерінің іскерлік ортадағы белсенділігін күшейту. Кеңестің міндеттері: әйел-кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін ынталандыру; әйелдердің жеке кәсіпкерлікке араласуын, олардың экономикалық бастамаларын қолдау және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту. Кеңес өз қызметін республикадағы шағын және орта бизнесті қаржыландыру жүйесі туралы ақпараттық-ағартушылық қызметті ұйымдастыру; жаңа бастаған әйел-кәсіпкерлерге ұйымдастырушылық, әдістемелік, консультациялық және ақпараттық қолдау көрсету; перспективалы бизнес-идеяларды, жобаларды қолдау; іскер әйелдердің экономикалық құзыреттілігін көтеру және олардың арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту; кәсіпқой әйел-кәсіпкерлердің өңірлерді, қалалар мен кәсіпорындарды экономикалық дамытудың ең тиімді тәсілдері бойынша тәжірибе алмасуын жолға қою; қазақстандық және шетелдік әйел-кәсіпкерлердің арасындағы сындарлы сұхбатты жолға қою, оның ішінде қазақстандық және шетелдік әйел-кәсіпкерлердің экономикалық әрі мәдени қарым-қатынас жасау; шетелдік іскерлік орталарда еліміздің әйел-кәсіпкерлерінің оң имиджін қалыптастыру бағытында іске асырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *