«Баланы мектепке даярлайық!» акциясы бастау алды

Өңірімізде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Баланы мектепке даярлайық!» акциясы бастау алды. Қоғамды ізгілікке бастайтын шараның өтуіне партия қатарындағы меценаттар, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері ұйытқы болып отыр.

Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында өткен акцияның ашылу рәсіміне «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева, партияның Түркістан қалалық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысты. Балалар мен олардың ата-аналары алдында сөз алған Алтынсары Дүйсенбекұлы партияның 2010 жылдан бастап әр жаңа оқу жылының қарсаңында «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Баланы мектепке даярлайық!» жалпыреспубликалық акциясын өткізіп келе жатқанын мәлімдеді.

«Акция бүлдіршіндерімізге мектепке қажетті құрал-жабдықпен жәрдем беріп, олардың білімге деген құлшынысын арттыруды көздейді. Қоғамды ізгілікке баулитын іске бастауыш партия ұйымдарының мүшелері және қарапайым азаматтар белсенді қатысуда. Биылғы жылы аманаттықтар облыс көлемінде 170-тен астам баланы қамқорлығына алып, мектепке даярлайды», — деді партияның өңірлік филиалының төрағасы.

Аталмыш іс-шара барысында Түркістан қаласынан 16 балаға мектепке қажетті жиынтықтар берілді. Облыс орталығынан бастау алған акцияны өңірдегі барлық аудандық, қалалық партия филиалдары жалғастыратын болады. Жаңа оқу жылы қарсаңында ең керекті заттарға ие болған балалардың ата-аналары осы игілікті іс үшін партия белсенділеріне деген алғыстарын жеткізді. Акцияда Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *