Жолдау жүктеген міндет: Былтыр Қазығұртта 401,57 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілсе, биыл бұл көрсеткішті 506 гектарға жеткізу жоспарланған
Қазығұрт ауданы – ежелден егін және мал шаруашылығына бейім, аграрлық әлеуеті жоғары өңір. Бүгінгі таңда да бұл сала аудан экономикасының негізгі тірегіне айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, ауыл шаруашылығы саласында өнімділікті арттыру, жаңа технологияларды енгізу, инвестиция тарту, су ресурстарын үнемдеу бағытында нақты жұмыстар қолға алынған.
Президент Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін жеткізу қажет екенін айтып, Үкіметке қайта өңдеу кәсіпорындарының көлемін ұлғайтуды тапсырған болатын. Осы мақсаттарды жүзеге асыруда Қазығұрт ауданының жеткен жетістіктері қуантады.
2024 жылдың қорытындысымен ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 72,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде мал шаруашылығында – 46,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді, егін шаруашылығында – 25,6 млрд теңгенің өнімі алынған. 2025 жылы сала бойынша 76 млрд теңге көлемінде өнім өндіру жоспарланған. Бүгінде, жыл басынан бері 6 айдың қорытындысымен 17,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп отыр.
Қазығұрт ауданы ауыл шаруашылығын дамытуда инвестиция тартуға да үлкен көңіл бөліп отыр. Мәселен: 2024 жылы ауыл шаруашылығына негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 6 айда – 4,3 млрд теңге болса, 2025 жылдың 6 айында бұл көрсеткіш 10,6 млрд теңгеге жеткен. Ал, тамақ өнімдері өндірісіне бағытталған инвестиция 2,5 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 124 пайызға өскен. 2024 жылы ауданда 93 987 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 94 000 гектарға жетті.
Қазіргі таңда егін шаруашылығында «нөлдік технология» кеңінен енгізілуде. Бұл әдіс арқылы 7 мың гектарға дейін егістік жер өңделіп, жер жыртусыз тікелей егу тәсілі қолданылуда. Аталған тәсіл әр гектардан 21 мың теңгеге дейін үнемдеу және гектарынан 30-35 центнер өнім алу мүмкіндігін арттырып отыр. Бұл – экологиялық жағынан да тиімді, топырақ құрылымын сақтайтын заманауи тәсіл.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында су тапшылығы мәселесіне ерекше тоқталып, ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу міндет екенін айтып келеді. Мәселен, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек», — деген болатын.
Расында да бұл салада технологиялық жаңғыру болмаса, біз қуаңшылыққа төтеп бере алмаймыз. Қазығұртта бұл бағытта да нәтижелі жұмыстар бар. 2024 жылы 401,57 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілсе, 2025 жылы бұл көрсеткішті 506 гектарға жеткізу жоспарланған. Бүгінде 6 айда – 256 гектарға заманауи технологиялар енгізілді.
Қазығұрт ауданының агроөнеркәсіп кешенінде атқарылып жатқан жұмыстар Президент Жолдауында айтылған тапсырмалардың жергілікті деңгейде нақты іске асқанын көрсетеді. Инвестиция көлемінің артуы, жаңа технологияларды енгізу, өнімділіктің өсуі, су ресурстарын үнемдеу мұның бәрі түптеп келгенде ауданның тұрақты әрі сапалы даму жолында екенін аңғартады. «Ауыл – елдің алтын діңгегі» десек, Қазығұрт ауданы бұл бағытта үлгілі өңір ретінде танылып келеді.
