ТҮЛКІБАСТЫҚ КӘСІПКЕР КҮНІНЕ 800 ЛИТР СҮТТЕН ӨНІМ ДАЙЫНДАЙДЫ

Түлкібас ауданындағы Балықты ауылдық округінде шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда аталған округте өз кәсібін жүргізіп отырғандар қатары 160-қа жуықтаған. Аталған елді мекенге арнайы іс-сапармен барған аудан басшысы бірқатар кәсіпкерлерлік нысандардың жұмысымен танысты.
Мәселен, “Раяна” ауыл шаруашылығы кооперативі күніне орта есеппен 800 литрге жуық сүтті ауылдан жинап, одан ірімшік, айран, қаймақ, құрт және түрлі тәттілер дайындайды. Кейін өнімдерді аудан аумағы мен Шымкент қаласына өткізеді. Сондай-ақ, аталған ауылдағы “Короткова” жеке кәсіпкерлігі аудан аумағынан дәрілік шөптің 100-ге тарта түрі мен ара балын жинақтап, Шымкент қаласына өндеуге жөнелтеді. Сонымен қатар, “СапарНұрСтой” ЖШС-і 1 гектарға жуық жерге 3 жасанды тоған дайындап, биыл жыл басында бір тоғанға 10 мың дана тұқы балығының шабақтарын жіберген. Жуырда кәсібінің жемісін көріп, алғашқы 4 тоннаға жуық өнімін өткізген.
Одан бөлек, аудан әкімі ауылдағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда 100 орындық балабақша құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінде ауласын абаттандыру, ойын алаңшаларын соғу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, аудан басшысы Балықты ауылындағы ауыл жанашырларының күшімен бой көтеріп жатқан күрес залында болды. Құрылыс жұмыстары атқарылып жатқан нысан толық аяқталған соң ауыл әкімдігінің теңгеріміне берілмек.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *