Сауранда Президент Жолдауы тыңдалып, басты басымдықтар талқыланды
Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан активі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын тікелей эфирден тыңдады.
Жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, аудан прокуроры Алмаз Асылбеков, бөлім басшылары, ауыл әкімдері және қоғам белсенділері қатысты. Бұл шара – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын Жолдаудың мазмұнын аудан жұртшылығына жедел жеткізудің маңызды қадамы болды.
Президент Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа басымдықтары айқындалды. Әсіресе жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны кеңінен енгізу арқылы шешілетін өзекті мәселелерге басымдық берілді. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру, әділетті қоғам құру, білім мен ғылымды дамыту, аграрлық секторды қолдау және өңірлердің дамуына серпін беретін нақты тапсырмалар жүктеді.
Жолдау аяқталғаннан кейін аудан әкімі Мақсат Таңғатаров сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы белгілеген бағыттарды жүзеге асыруда Сауран ауданы да өз үлесін қосатынын атап өтті.
– Президентіміз жаңа дәуірдің басты талаптарын айқындап берді. Әсіресе жасанды интеллект пен цифрландыру саласындағы бастамалар барлық салаға тың серпін береді. Біз аудан деңгейінде цифрлық технологияларды кеңінен енгізіп, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға күш саламыз. Президент тапсырмаларын орындау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді аудан басшысы.
Кеңесте қатысушылар Жолдауда көрсетілген басымдықтарды толық қолдайтындарын білдіріп, оларды өңір ерекшеліктеріне сай жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді. Алдағы уақытта аудан аумағында ақпараттық-насихаттық түсіндіру жұмыстары жалғасып, халықты жаңа бастамалардың мән-маңызына тереңірек тарту көзделуде.
