Сайрамда әр азаматтың мүмкіндігі ескерілген
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білім беру – ұлт болашағының негізі. Әрбір бала қай өңірде, қандай елдімекенде тұрса да, сапалы білім алуға тең қолжетімділікке ие болуы керек. Ал әрбір азаматтың лайықты еңбекпен қамтылуы – Әділетті Қазақстан құрудың басты шарты», – деген болатын. Президент тапсырмаларын орындау мақсатында Түркістан облысында, оның ішінде Сайрам ауданында білім беру мен еңбек нарығын дамытуға бағытталған нақты шаралар жүзеге асырылып келеді.
Сайрам ауданында білім беру саласындағы жаңашыл жобалар мен реформалар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Аудан бойынша 2024-2025 оқу жылында 204 білім беру мекемесі жұмыс істеуде. Оның ішінде 74-і мемлекеттік, 24-і жекеменшік мектеп болса, 11 мемлекеттік және 92 жекеменшік балабақша, үш қосымша білім беру мекемесі мен бір мектеп-интернат халыққа қызмет көрсетуде.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 29 мектептің құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде 13 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 16 білім ошағы іске қосылады. Жоба аясында мектептердің ішкі жабдықталуы, асхана, пән кабинеттері мен қауіпсіздік жүйелері толық жаңартылуда. Оқушылар ыстық тамақпен қамтылып, бейнебақылау, өрт дабылы, кіріп-шығу жүйелері орнатылған.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025-2027 жылдары облыстағы 115 мектеп жаңғыртудан өтпек. Тек биылдың өзінде 41 мектепке жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Оның ішінде Сайрам ауданындағы №3 Хамза, №89 Қайнарбұлақ және Айша бибі мектептері жаңғырту бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Жаңартылатын білім мекемелерінің көбісі – ауыл мектептері. Олар күрделі жөндеуден өтіп, жаңа жиһаздармен, цифрлық құралдармен қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге, мектептердің қауіпсіздік жүйелері де жаңғыртылып, білім алу жағдайы едәуір жақсартылады.
Ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жою мақсатында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында тірек мектептер мен шағын жинақты мектептер арасында әдістемелік және оқу-әдістемелік өзара байланыс орнатылып, ауылдық мектептердің білім беру әлеуеті арта түспек.
Сайрам ауданындағы білім ошақтарының 80 пайыздан астамы көгілдір отынмен жылытылады. 74 мемлекеттік мектептің 59-ы газ жүйесіне қосылған. Сондай-ақ, барлық білім беру мекемелері таза ауыз су және электр қуатымен толық қамтылған.
Сайрам ауданы еңбекпен қамту және халықты әлеуметтік қолдау бағытында да айтарлықтай жетістіктерге жетуде. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында аудандағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш – мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысының нәтижесі.
Қазақстан Республикасының 2024–2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында аудандық Мансап орталығы 2025 жылға дейін 12 879 азаматты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуды жоспарлаған. Осы жылдың 1 маусымына дейін 4 251 азамат түрлі бағдарламаларға қатысып үлгерді. Әлеуметтік жұмыс орындарына жоспар бойынша 265 адам жолдануы тиіс болса, нақты нәтиже 300 азаматты қамтыды. Жастар практикасына жыл соңына дейін 1 297 түлекті тарту көзделіп, қазіргі таңда 294 жас бағдарламаға қатысуда.
Қоғамдық жұмыстарға 1 386 азаматты тарту жоспарланса, есепті мерзімде 1 612 адам осы бағытта еңбек етті. «Күміс жас» жобасына қатысқан 334 адамның 45-і бағдарламаны аяқтап, 17-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Ал алғашқы жұмыс орнымен қамтамасыз ету жобасы аясында 112 азамат жұмыс тапты.
Мемлекеттік гранттар арқылы биыл 169 азамат өз кәсібін бастауға мүмкіндік алып отыр. Бұл – ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті жандандыруға серпін береді. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін 5 016 азаматты тұрақты жұмыспен қамту көзделсе, бүгінгі күнге дейін 1 487 азамат нақты жұмысқа орналасқан.
Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда кемінде 100 тұрақты жұмыс орнын ашу» жөніндегі тапсырмасы аясында ауданда биыл 1 935 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның ішінде 251 жұмыс орны маусым айына дейін іске қосылды. Ұлттық жобалар аясында 34 инвестициялық жоба іске асырылып, 369 жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде 9 жоба жүзеге асырылып, 95 жаңа жұмыс орны пайда болды.
Мүгедектігі бар азаматтардың еңбекке араласуын арттыру – аудан әкімдігінің назарындағы басым бағыттардың бірі. 2025 жылға дейін 566 мүгедектігі бар азаматты тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарланған болса, алғашқы жартыжылдықта 127 азамат түрлі қолдау шараларына тартылды.
Сонымен қатар, Сайрам аудандық Мансап орталығы 30 жасты жұмыс орнында оқыту бағдарламасына қатыстырмақ. Бұл бастама жастардың кәсіби бейімделуін жеңілдетіп, жұмыс беруші мен жас маман арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.