Бірлік — әлеуеті артып келе жатқан ауыл
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік басқару жүйесін халыққа жақындату, жергілікті жерлерде әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу – басты басымдыққа айналған. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында: «Мемлекет – халық үшін. Мемлекеттік басқарудың басты мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру», – деп атап көрсетті. Бұл міндет бүгінде Түркістан облысы, Келес ауданына қарасты Бірлік ауылдық округінде нақты іспен жүзеге асып келеді.
Ауылдық округтің құрамында жеті елді мекен бар. Жалпы халық саны – 5759 адам. Мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бастамалардың арқасында тұрғындардың тұрмыс сапасы едәуір жақсарды.
Білім, денсаулық сақтау, мәдениет бағытында округ аумағында 3 мектеп, 4 балабақша, аурухана, фельдшерлік-акушерлік пункт, кітапхана мен мәдениет үйі табысты жұмыс істеуде. Бұл мекемелер ауыл тіршілігінің рухани және әлеуметтік тірегі ретінде маңызды қызмет атқарып отыр.
Ауыз су мәселесі бойынша Қосөткел, Жаңатіршілік, Үшағаш ауылдарында жаңа ұңғымалар қазылып, сүзгіштер мен резервуарлар орнатылды. Бірлік ауылында ескі ұңғымалар қайта жаңғыртылды. Бұл – халықты сапалы ауыз сумен қамтудың нәтижелі жолы.
Энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту бағытында Бірлік пен Жаңатіршілік ауылдарында электр трансформаторлары мен бағаналары ауыстырылды. Алдағы уақытта Бірлік пен Үшағаш елді мекендеріндегі желілерді жаңарту көзделіп отыр.
Соңғы жылдары жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында 12 шақырымға жуық шағал тас төселіп, 2,25 шақырым асфальт жол салынды. 2025 жылы округ бойынша тағы 11 көшеге асфальт төсеу, балалар алаңшаларын және тротуарлар салу жоспарланған.
Газдандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде Бірлік, Жаңатіршілік, Үшағаш және Қосөткел ауылдарына көгілдір отын жеткізу жұмыстары қарқын алған. Бірлік ауылындағы ішкі жүйенің құрылысы 95 пайызға аяқталып, іске қосылуға жақын.
Ауылдың негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. Бұл бағытта 6 жаңа техника алынып, каналдарды тазалау және жаңа лотоктар орнату қолға алынған. Су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы өнімділікті арттыру көзделіп отыр. Президент өз Жолдауында: «Ауыл шаруашылығында жаңа технологияларсыз ешқандай ілгерілеу болмайды. Әсіресе су үнемдеу – бұл экологияны қорғау ғана емес, экономикалық табыстың көзі», – деген болатын.
Жалпы алғанда, Бірлік ауылдық округіндегі жұмыстар – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық тапсырмаларының жергілікті деңгейде нақты іске асып жатқанын көрсетеді. Ауыл тұрғындарына жақын болу, кері байланыс орнату, нақты жоспар мен жүйелі жұмыс – осының барлығы ауыл тіршілігінің жаңаруына жол ашып отыр.
Елді мекендердің дамуы – тұрғындардың әл-ауқаты мен мемлекетке деген сенімін нығайтады. Бұл – Жаңа Қазақстанның берік іргетасы.