Президент тапсырмасы: Түлкібаста минералды сусын өндіретін жаңа кәсіпорын ашылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті дамыту ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін үнемі атап өтіп келеді. Президент бұл бағыттағы ұстанымын: «Мен Мемлекет басшысы ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беріп отырмын, негізгі мәселенің бәрі менің жеке бақылауымда. Үкімет кәсіпкерлікті жандандыру үшін ауқымды жұмыс істеп жатыр, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қолданып келеді. Дегенмен, әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер мен түйткілдер аз емес, оны біз ашық түрде мойындаймыз», – деп нақты білдірген болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сапалы өнім өндіретін шағын бизнеске барынша жағдай жасау қажеттігін атап өтіп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау кәсіпкерлердің өз ісін кеңейтіп, жаңа деңгейге шығуына серпін беруі тиіс екенін жеткізді.
Президент тапсырмасына сәйкес, өңірлерде шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлік бастамаларды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Түлкібас ауданында жаңа өндірістік жобалар іске асырылуда. Аудан әкімдігі тарапынан кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалып, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асуда.
Айталық, Түлкібас ауданына қарасты Керейт елді мекенінде бұлақ суынан табиғи құнары жоғары минералды сусындар өндіруге бағытталған «Мөлдір бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмысын бастауға дайындық үстінде. Аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты сала мамандарымен бірге аталмыш нысанға арнайы барып, құрылыс және іске қосу алдындағы жұмыстардың барысымен танысты.
Аталған жоба жылына шамамен 250 мың тонна табиғи минералды сусын өндіруге бағытталған. Жобаның жалпы инвестициялық құны 600 млн теңгені құрайды. Бұл кәсіпорын іске қосылған жағдайда өңірде экологиялық таза, сапалы өнім өндіру көлемі артып, отандық нарықты табиғи сусындармен қамтуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, жоба қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталғанымен де маңызды.
Кәсіпорында толық автоматтандырылған, заманауи шетелдік өндірістік құрылғылар орнатылады. Бұл өз кезегінде өнім сапасын арттырып қана қоймай, өндіріс үдерісінің тиімділігін қамтамасыз етеді. Жаңа зауытта 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бұл – ауылдық елді мекен тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң әсер ететін маңызды көрсеткіш.
Нысанды аралау барысында аудан әкімі Асқар Сұлтанұлы құрылыс жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын атап өтіп, кәсіп иесінің бастамасына оң бағасын берді. Сондай-ақ, жоба Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті дамыту, өндірісті өркендету жөніндегі тапсырмаларымен толық үндесетінін айтып, аудан әкімдігі тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді. «Осындай өндірістік жобалар аудан экономикасына серпін беріп, кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Қолдау қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы билік тарапынан тиісті көмек көрсетіледі», – деді аудан әкімі.
«Мөлдір бастау» серіктестігінің жобасы Түлкібас ауданында шағын және орта бизнесті дамытуға, өңдеу өнеркәсібін кеңейтуге бағытталған нақты қадамдардың бірі болып отыр. Мұндай бастамалар алдағы уақытта өңір экономикасының тұрақты дамуына, кәсіпкерлік белсенділіктің артуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына өз үлесін қоса бермек.
