Жолдау жүктеген міндет: Кәсіпкерлікті қолдау – аудан дамуының негізі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде балық шаруашылығын дамытуға айрықша мән беру қажеттігін атап өткен болатын. Президент өз сөзінде: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс», – деп атап көрсеткен еді.
Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы бүгінде өңірлерде нақты істер арқылы жүзеге асырылып келеді. Соның бір айқын мысалы ретінде Төлеби ауданында балық шаруашылығын дамыту бағытында қолға алынған жүйелі жұмыстарды айтуға болады. Аталған сала аудан экономикасын әртараптандыруға, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінде Төлеби ауданында инвестициялық құны 400 млн теңгені құрайтын «Fish House» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі балық өсірумен айналысып келеді. Аталған кәсіпорында сазан шабағы, ақбалық және бекіре тұқымдас балық түрлері өсірілуде. Бұл жоба балық шаруашылығын тек шикізат өндіру деңгейінде қалдырмай, болашақта өңдеу бағытында дамытуға негіз қалайды. Мұндай бастамалар Президент атап өткен қосымша құн қалыптастыруға бағытталған ірі жобалардың қатарына жатады.
Жуырда Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Киелітас ауылдық округінде орналасқан «Fish House» серіктестігінің нысанына арнайы барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Сапар барысында аудан әкімі балық шаруашылығын дамыту – өңір үшін экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды бағыт екенін атап өтіп, мұндай жобаларға жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Кәсіпорын басшысы, жеке кәсіпкер Нұртас Шағыров аудан әкіміне серіктестіктің қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарлары туралы жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, шаруашылықта сазан мен ақбалық уылдырық арқылы көбейтіліп, заманауи талаптарға сай арнайы тоғандарда өсіріледі. Сонымен қатар, бекіре тұқымдас балықтарды өсіру де қолға алынған. Бұл – жоғары сұранысқа ие, қосымша құны жоғары өнім өндіруге бағытталған маңызды қадам.
Кәсіпкердің сөзінше, ақбалық салқын мезгілдерде арнайы жабық ғимараттарда өсіріліп, ауа райы қолайлы болған күз айларында ашық бассейндерге жіберіледі. Мұндай технология балықтың табиғи ортаға бейімделуіне, сапалы әрі тез өсіп-жетілуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл әдіс өнімнің сапасын арттырып, нарықта бәсекеге қабілетті балық өнімдерін ұсынуға жол ашады.
Аталған жоба Төлеби ауданында балық шаруашылығын дамытумен қатар, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті өркендетуге және ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға оң әсерін тигізіп отыр. Балық өсіру ісі – ұзақ мерзімді әрі тұрақты табыс көзі болып саналатын сала. Сондықтан, бұл бағыттағы инвестициялық жобалардың маңызы жылдан-жылға арта түсуде.
Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған ауыл шаруашылығын кешенді дамыту, оның ішінде балық шаруашылығына басымдық беру жөніндегі тапсырмалар Төлеби ауданында нақты жүзеге асуда. Мұндай жобалар алдағы уақытта өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, қосымша құны жоғары өнім өндіру арқылы ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға өз үлесін қоса бермек.
