Жетісайда өнім экспортын ұлғайту мәселелері қаралды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикалық дамуы үшін инвестиция тарту мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында инвестициялық саясатты жаңаша көзқараспен жүргізудің маңыздылығын атап өткен болатын.
«Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Алдымызда тұрған негізгі міндет – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарап, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдіктер қарастыруы тиіс. Сонымен қатар, ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен де тығыз байланыста жұмыс істеу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президент тапсырмалары аясында өңірлерде инвестициялық ахуалды жақсарту, шетелдік және отандық инвесторларды тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы мақсатта Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жоспарға сәйкес шетелдік инвесторлар делегациясын қабылдап, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы, сауда-саттық және құрылыс салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жайына тоқталды. Инвесторлар қазіргі таңда агроөнеркәсіп кешені, сауда және құрылыс бағыттарында қызмет көрсетіп жүргенін айтып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу, сақтау және өткізуге бағытталған жобаларға қызығушылық танытты. Сонымен қатар, заманауи технологияларды енгізу, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Аудан әкімі өз сөзінде Жетісай өңірінің инвестициялық әлеуетіне кеңінен тоқталып, ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті. Серік Үсенұлы жергілікті атқарушы орган тарапынан инвесторларға заң аясында жан-жақты қолдау көрсетілетінін, инфрақұрылым, жер телімдері мен құжаттандыру мәселелерінде барлық қажетті жағдай жасалатынын жеткізді.
Кездесу барысында сауда-саттық саласын дамыту, өнім экспортын ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері де кеңінен талқыланды. Бұл бағыттағы бірлескен жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретіні айтылды.
Тараптар алдағы уақытта өзара тиімді әріптестікті нығайтып, нақты инвестициялық жобалар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Кездесу соңында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов шетелдік инвесторларға аудан әлеуетіне қызығушылық танытқандары үшін алғыс білдіріп, болашақ ынтымақтастықтың табысты боларына сенім білдірді.
