Жолдау жүктеген міндет: Сарыағашта шағын бизнеске мемлекеттік қолдау күшейіп келеді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында экономиканы әртараптандыра дамытуға, соның ішінде кәсіпкерлік саласын ілгерілетуге ерекше мән беріп келеді. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдауды күшейту, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, қажет болған жағдайда қаржылай қолдау көрсету арқылы елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету қажеттігін сала басшыларына нақты міндет ретінде жүктеген болатын.

Бұл бастамалардың түпкі мақсаты – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықты жұмыспен қамту, азаматтардың табысын арттыру және ел экономикасының тұрақты өсуіне қол жеткізу. Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіп бастаймын деген азаматтарға арналған түрлі бағдарламалар іске асырылып келеді. Ұтымды жоба мен нақты жоспар болса, шағын немесе ірі көлемде жеңілдетілген несие, сондай-ақ қайтарымсыз грант алу мүмкіндігі қарастырылған.

Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, асыраушысынан айырылған азаматтарға, тіпті кәсібін кеңейтуді көздеген тәжірибелі кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктері кеңінен қолжетімді. Бұл бағдарламалардың басты артықшылығы – жұмыссыз жүрген азаматтарды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етіп, өз кәсібін ашуға нақты мүмкіндік беруінде.

Сарыағаш ауданында да шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Аудан аумағында кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді құралдарының бірі – қайтарымсыз гранттар ауыл тұрғындарының өз ісін бастап, кәсіптерін табысты жүргізуіне жол ашуда.

Жұмыс жоспарына сәйкес Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған бірқатар азаматтардың жұмысымен арнайы танысты. Аймақ басшысы алдымен Құркелес ауылдық округінің тұрғыны, көпбалалы ана Жансая Асанованың жүк көлігін жуу орталығы жобасының жұмыс барысын көріп шықты. Қазіргі таңда бұл нысан үздіксіз қызмет көрсетіп, бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Аудан әкімі кәсіп иесіне сәттілік тілеп, алдағы уақытта кәсібін кеңейтуге қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Сондай-ақ, аудан басшысы Құркелес ауылдық округінің тұрғыны, сегіз баланың анасы Меруерт Ширинованың көрпе тігу шеберханасының жұмысымен танысты. Кәсіпкер «Жібек жолы» базары аумағында өз шеберханасын ашып, тұрмыстық қажеттіліктерге арналған көрпе-жастық, төсек-орын және басқа да бұйымдарды тігіп, халыққа ұсынуда. Бүгінгі таңда бұл шеберхана екі адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Кездесу барысында аудан әкімі қайтарымсыз гранттардың әлеуметтік-экономикалық маңызына арнайы тоқталып өтті.

— Қайтарымсыз грант берудің басты мақсаты – ауыл тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту. Кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін айқындайтын, бәсекеге қабілеттілігін көрсететін негізгі көрсеткіштердің бірі – жұмыспен қамтылған халықтың үлесі. Осы бағытта мемлекет тарапынан жұмыссыз жүрген азаматтардың тұрақты табыс табуына, кәсіп бастаймын деген тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде ауданда кәсіпкерлер саны жылдан жылға артып келеді, – деді Арман Абдуллаев.

Сарыағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар ауыл экономикасын жандандырып қана қоймай, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жергілікті нарықты отандық өніммен қамтуға және ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыруға үлкен үлес қосуда. Жалпы алғанда Мемлекет басшысы айқындап берген кәсіпкерлікті дамыту бағыты Сарыағаш ауданында нақты іске асып, қайтарымсыз гранттар ауыл тұрғындары үшін тиімді әрі нәтижелі құралға айнала бастады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *