Президент тапсырмасы: Сауран ауданында 6 млрд теңгелік жоба жүзеге асырылуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында инвестиция тарту мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше мән беріп келеді. Президенттің айтуынша, ел экономикасының тұрақты өсуі үшін шикізатқа тәуелділіктен арылып, жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту аса маңызды.
Президент жүктеген осы міндеттер өңірлерде жүйелі түрде іске асырылып келеді. Айталық, жақында Сауран ауданы әкімдігінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен «EURO SANDWICH PANEL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Қытай Халық Республикасының «CHONGQING JINJIAHANG CONSTRUCTION ENGINEERING CO., LTD» компаниясы өкілдерінің қатысуымен ресми кездесу өтті. Басқосуда аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан 6 млрд теңгелік инвестициялық жобаның қазіргі барысы мен оны одан әрі дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Аталған жоба аясында Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округі аумағынан көлемі 2,5 гектар жер телімі бөлініп, мұнда сэндвич-панельдер мен металл конструкцияларын өндіретін зауыт, сондай-ақ электр қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құрылғыларды шығаратын өндіріс орнының құрылысы жүргізілуде.
Электр қауіпсіздігіне арналған заманауи құрылғылар 7 жыл бойы эксперименттік сынақтан өтіп, жоғары сенімділігімен және халықаралық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестігімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда бұл технология әлем бойынша тек Қытай Халық Республикасында ғана өндірілуде. Алдағы уақытта аталған инновациялық өнім Сауран ауданында шығарылып, ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік бермек.
Жобаның негізгі мақсаты – құрылыс және өнеркәсіп салаларын отандық, сапалы өніммен қамтамасыз ету, импортты алмастыру, өндірістегі қауіпсіздік деңгейін арттыру және өңірдің индустриялық әлеуетін нығайту. Жалпы инвестициялық құны 6,0 млрд теңгені құрайтын жоба толық іске қосылған жағдайда 65–70 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Кездесу барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жобаның стратегиялық маңыздылығына тоқталып, инвесторларға әкімдік тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
«Бұл өндіріс орны тек экономикалық өсімге емес, ең алдымен азаматтардың және өндірістік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Электр қауіпсіздігіне арналған заманауи құрылғылардың Сауранда шығарылуы – аудан үшін үлкен жетістік. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміз», – деді аудан әкімі.
Аталған инвестициялық бастама Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа өндіріс аймағын қалыптастыруға, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және заманауи қауіпсіздік технологияларын өңірге енгізуге жол ашады. Сонымен қатар, бұл жоба өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы аудан экономикасын әртараптандыруға, бәсекеге қабілетті өнім шығару әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
