Жолдау жүктеген міндет: Түлкібаста шағын және орта бизнес қарқын алуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән берілді. Президент өз сөзінде: «2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім», – деп атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беріп, оны негізгі мәселенің бірі ретінде әр кез жеке бақылауында ұстайтынын айтты.

Бұл тапсырмалар бүгінде өңірлерде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның айқын дәлелі – Түлкібас ауданында кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуы. Ауданда жергілікті тұрғындар жеке ісін бастап, отбасылық табысын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы өңір экономикасының дамуына өз үлестерін қосуда.

Мәселен, жақында аудан әкімі Асқар Естібаев жұмыс барысымен аудан орталығы мен Рысқұлов және Тастұмсық ауылдық округтеріндегі бірқатар кәсіпкерлік нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Алдымен аудан басшысы аудан орталығында орналасқан «Тома» сүт өнімдерін өндіретін цехта болды. Мұнда тәулігіне 1 тонна сүт өңделіп, одан айран, ірімшік, сары май, күйдірілген май, қаймақ және брынза сынды өнімдер шығарылады. Қазіргі таңда аталған өнімдер Түлкібас ауданымен қатар, Қызылорда және Тараз қалаларына да жөнелтілуде.

Қазіргі таңда аталған кәсіпорында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер өзге де кәсіп түрлері арқылы жалпы саны 89 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Аудан әкімі кәсіпкердің еңбегіне оң баға беріп, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту, өнім түрлерін көбейту бағытында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары қарастырылатынын жеткізді.

Бұдан кейін Асқар Сұлтанұлы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында салынып жатқан «Жол бойы қызмет көрсету орталығында» болды. Рысқұлов ауылдық округіне қарасты 2 гектар аумақты алып жатқан бұл нысанда ауыр жүк көліктерін жөндеу орны, жолаушыларға арналған асхана және монша қарастырылған. Жоба іске қосылған жағдайда 20 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады деп күтілуде. Қызмет көрсету орталығы ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек.

Сондай-ақ, аудан әкімі Рысқұлов ауылдық округінде салынып жатқан астық сақтайтын қойманың құрылысымен танысты. Мың шаршы метрді құрайтын бұл қоймада астық сақтаумен қатар, бидай, арпа, жүгері секілді мал азықтарын ұнтақтайтын цех жұмыс істейтін болады. Нысан іске қосылған жағдайда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Жұмыс сапары Тастұмсық ауылдық округінде бой көтеріп жатқан ауыр жүк көліктеріне арналған қызмет көрсету орталығында қорытындыланды. Күре жолдың бойында орналасқан бұл нысан аудан үшін маңызды жобалардың бірі саналады. Шамамен 2 гектар аумақты алып жатқан орталықта ауыр жүк көліктерін жөндеу, көлік жуу орындары және асхана қарастырылған. Орталық толық іске қосылған кезде 10 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылмақ.

Кәсіпкерлік нысандарын аралау барысында аудан әкімі бизнеске қолайлы орта қалыптастыру, кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласын дамыту ауданның әлеуметтік-экономикалық өсімінің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Түлкібас ауданында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мұндай жұмыстар Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттердің нақты орындалып жатқанын көрсетеді. Кәсіпкерлікті қолдау – халықтың әл-ауқатын арттырудың және өңір экономикасын нығайтудың басты тетігі екені сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *