Ауылдағы аналардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін өзекті мәселелерді шешу жолдары қаралды
Жақында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысына ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі, комиссия бойынша Түркістан облысының кураторы Баян Жандосова және облыстық комиссия мүшелері, құзырлы орган қызметкерлері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары селекторлық форматта қатысты.
– Бүгінде қоғамда әйелдер істері, сонымен қатар отбасылық мәселелер қызу талқылануда. Түркістан өңірінде әйелдер қауымы барлық салада жемісті еңбек етуде. Облыс көлемінде 200 мыңнан астам кәсіпкер болса, оның 68 мыңға жуығын әйелдер құрайды. Жалпы бұл бағыттағы комиссия жұмыстары облыста жоспарға сай жүргізілуде. Алайда, кейбір аудан, қалалар комиссия жұмысына салғырт қарайды. Осыған байланысты аудан, қалалардағы комиссия төрағалары және хатшылары, сіздерге тиісті жұмыстарға жауапкершілікпен қарауды ескертемін. Ерте жүктілік мәселесіне түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Дегенмен, бұл тіркелген 400-ден астам деректі ақтап ала алмайды. Мұның қатерлі салдары орасан. Жылы жауып қоя салуға болмайды. Бұл проблема республика көлемінде қаралып жатыр қазір. Оған арнайы заң бар. Қалыпты тіршілік деп қарамайық. Тиісті жұмыс жүргізуді денсаулық сақтау мен білім саласы бірлесе атқару керек, – деген облыс әкімінің орынбасары айтылған ұсыныстар мен ескертпелерді хаттамаға түсіруді тапсырды.
Күн тәртібіне 6 мәселе шығарылды. Жиын барысында құзырлы мекемелер мен тиісті басқарма өкілдері баяндамалар жасады. Өңірдегі әйелдер жұмыссыздығын азайту және осы бағыттағы жоспарланған шаралар талқыланды.