«Ауыл-ел бесігі» – маңызды әрі тиімді жоба
Былтыр өңірімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 166 елді мекенде 352 жоба жүзеге асырылып, 31,3 млрд. теңге игерілді. Соның нәтижесінде 297 жоба ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Аталған жобаларды сәтті жүзеге асыруды жалғастыру мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды.
– «Ауыл – ел бесігі» – маңызды әрі тиімді жоба. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқармалар жобаларды жедел анықтап, құжатын әзірлеп, конкурстарын уақтылы өткізулері керек. Мердігерлер жұмыстарын жоспарға сәйкес атқарсын. Кешігуге болмайды. Аса қажетті нысандар бірінші кезекте жоспарға енгізілсін. Тиянақты зерделеп, жұмысты ширатуды тапсырамын, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанатбек Қайыпбектің айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» арқылы биыл 165 жоба іске асырылады. Бұл мақсатқа 25,3 млрд. теңге бөлінді. Оның 107-сі – жаңа жобалар. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 134 елді мекеннің әлеуметтік-инфрақұрылымдық жүйелері жақсарады.
Биыл 1 сәуірдегі мәліметтерге көз жүгіртсек, 107 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша барлығына, техникалық қадағалау жұмыстары бойынша 96-сына мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған. Нәтижесінде 18 жоба бойынша жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарт түзу жұмыстары жүргізілуде. 20 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесіне шағым түскен. 69 жобаның мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталмаған. Техникалық қадағалау жұмыстарына 17 жоба бойынша жеңімпаз анықталып, келісімшарт түзу жұмыстары жүргізіліп жатыр.