Келестік диқандардың қырыққабаттары пісті
Келес ауданында көктем ерте шығып, көкөніс дақылдары сәуір айында пісе бастайды. Дәл қазір өңір диқандары қырыққабат жинауға кіріскен. Айталық, Ақтөбе ауылдық округінің Лесбек батыр ауылының шаруалары дайын өнімді экспортқа жөнелтуде.
15 жылдан бері диқаншылықпен айналысатын Нұрмұхаммед Омаров өзі төрағалық ететін шаруа қожалығы аумағындағы 1 гектар суармалы егістік алқабына қырыққабат өнімін егіп, 20 тонна өнім алды. Шаруа дайын өнімді Астана, Алматы, Шымкент қалаларының сауда орындарына жөнелтуде.
Келес ауданында жалпы 26 мың гектар суармалы егіс алқаптары орналасқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде су үнемдеу технологияларын ендіру бойынша 6 дана жаңбырлатып суару (барабандар) агрегаты алынып, нәтижесінде 64 га аумақта шаруалар жаңбырлатып суару арқылы өнім алуда.
Өңір шаруалары бүгінде алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 өнім алу жобасын сәтті жүзеге асыруда. Аталған жоба шеңберінде 320 шаруа қожалығы жалпы 1655 гектарға егіс екті. Сонымен қатар өнім көлемін арттыру және ағын суды үнемдеу мақсатында 246,8 гектар жерге тамшылатып суғару әдісі енгізілді. Биыл су үнемдеу технологиясын 1037,8 га аумаққа ендіру жоспарланып, қажетті шаралар атқарылуда.
130 мыңнан астам тұрғыны бар Келес ауданында былтыр жалпы өнім көлемі 118 млрд. теңгеге жетті. Өзіндік кіріс 3 млрд. теңгеге жуықтаса, қосымша кіріс көлемі 400 млн. теңгедей болған. Ал, 13 мыңға тарта шағын және орта бизнес нысандарында 17 мыңнан аса адам жұмыс істеп жатыр.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, ауданда 26 мың гектар суармалы жер бар. 320 шаруа қожалығы 1655 гектар жерде жылына 2-3 өнім алу бойынша еңбек етеді.