Төлеби ауданы Ақбастау ауылында спорт кешені салынады
Осыдан үш жыл бұрын Төлеби ауданы әкімдігі «Шымкентцемент» АҚ-ымен және «Киелі Қазығұрт» қоғамдық бірлестігімен үшжақты меморандум түзген болатын. Сонда «Шымкентцемент» АҚ-ы Ақбастау ауылынан заманауи спорт кешенін салып беруге уәде еткен-ді. Айтайын дегеніміз, жақында Төлеби ауданы, Ақбастау елді мекенінде меморандум негізінде салынатын спорт кешенінің қазығын қағу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Төлеген Телғараев қатысып, ауылдық округ халқын заманауи барлық талапқа сай келетін спорт кешенінің құрылысының басталуымен құттықтап, спорт нысанының алғашқы қапсуласын салды.
Ақбастау спорт кешенінің құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 1 мамыр айынан басталып, келесі жылдың осы уақытында аяқталатын болады деп жоспарланған. Тапсырыс беруші «Шымкентцемент» АҚ-ы. Мердігер мекеме «Оңтүстік Энерго Строй-Сервис» ЖШС-і. Техникалық қадағалаушы мекеме «Корпорация Jana-Alem» ЖШС-і.
Жалпы өңірде ұлт денсаулығын нығайту, халықты бұқаралық спортпен айналысуға шақыруға бағытталған кешенді жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау мақсатында көптеген спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінде ауданда тұрғындарға 400-ге жуық спорттық нысан қызмет көрсетеді. Оның ішінде 68 спорт зал, 294 спорттық алаңдар, 1 стадион, 2 жүзу бассейні бар. Өткен жылдың 10 айында спортпен шұғылданушылар саны 50950 адамға жетті. Яғни, бұл көрсеткіш жалпы халықтың 41,9 пайызын құрауда. Аудан бойынша балалар мен жасөспірімдерді 116 кәсіби жаттықтырушы-маман баптауда.
Айта кетейік, былтыр «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Бірінші Мамыр елді мекенінде заманауи үлгідегі спорттық — сауықтыру кешенінің және футбол алаңшасының құрылысын аяқтауға аяқталып, пайдалануға берілген болатын.