Президент тапсырмасы: Сауран ауданында 3,1 млрд теңгенің инвестициялық жобасына меморандум жасалды
Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды бастама жүзеге асуда. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен жиында ірі кәсіпкерлер мен инвесторлармен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, жалпы құны 3,1 миллиард теңгені құрайтын екі ірі жоба бойынша келісім жасалды. Бұл бастама өңірдің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлікті дамытуды жеделдетуге бағытталған.
Меморандум аясында жүзеге асырылатын жобалардың бірі – Шаға ауылдық округінде бой көтеретін «Euro Sandwich Panel» ЖШС сэндвич-панель өндіру зауыты. Құны 2,1 млрд теңгені құрайтын бұл өндіріс орны 2,5 гектар аумақта салынып, жылына 900 мың м² өнім шығаратын қуатқа ие болады. Жоба 2025–2026 жылдары іске қосылып, 30 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Екінші жоба – Жүйнек ауылдық округіндегі «JADO GROUP» ЖШС жиһаз фабрикасы. Құны 300 млн теңге, өндірістік қуаты айына 1000 дана жиһаз. Аумағы 1,4 гектар жерге орналасатын бұл өндіріс орны да 2025–2026 жылдары іске қосылып, 30 адамға жаңа жұмыс орны ашылады.
Жиын барысында сондай-ақ, Шаға өндірістік алаңының жұмысы мен даму барысы таныстырылды. Бұл өндірістік аумақ кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған маңызды платформа ретінде жұмыс істеуде. Қазіргі таңда мұнда 10 ғимарат пайдалануға беріліп, 500 адам жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін тағы 30 өндірістік нысан іске қосылмақ. Бұл мақсатта қосымша 70 гектар жер бөлінген. Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр.
Ауданның кәсіпкерлік әлеуетін арттыру бағытында Қарашық, Иассы, Үшқайық, Шорнақ және Жүйнек ауылдық округтерінде шағын өндірістік алаңдар құрылуда. Аталған ауылдарда кәсіпкерлерге жер телімдері беріліп, инфрақұрылыммен қамту және рұқсат рәсімдері бойынша нақты ұсыныстар жасалуда. Бұл қадам – жергілікті кәсіпкерлерді бір орталыққа шоғырландырып, өнімді бірлесе өндіру мен нарыққа тиімді шығару үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Алдағы уақытта Бабайқорған, Ескі Иқан, Жаңа Иқан және Майдантал ауылдық округтерінде де осындай алаңдар салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бұл бағытта жер рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл бастамалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және өңірлердің дамуын жеделдету жөніндегі нақты тапсырмаларын орындау мақсатында қолға алынуда. Мемлекет басшысы еліміздің жаңа экономикалық бағытын, инвестиция тарту, өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, жұмыс орындарын ашу, және өңірлік даму мәселелерін басты назарға алған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында:
«Біз жаңа экономикалық бағытқа бет бұрдық. Оның басты мақсаты – елімізді өңірлік көшбасшы және әлемдегі орта табысты елдердің қатарына қосу. Ол үшін экономиканың құрылымын түбегейлі өзгертуіміз қажет», – деп атап өткен болатын. Сондай-ақ, Президент кәсіпкерлікті қолдаудың маңыздылығына ерекше тоқталып: «Бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпкерлік – Қазақстанның болашағының негізі», – деген болатын.
Бұл ретте Сауран ауданында қолға алынған меморандумдар мен өндірістік алаңдарды дамыту бастамасы экономикалық өсімді тұрақтандыруға, жеке инвестицияларды тартуға, жергілікті өндірісті өркендетуге нақты жол ашып отыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде әрдайым нақты нәтижеге қол жеткізетін жобалардың маңызын баса айтып келеді. Оның ішінде «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Жергілікті жерлерде индустриялық саясатты тиімді жүргізу үшін өңірлік ерекшеліктерді ескеру қажет. Әрбір облыстың, әрбір ауданның өзіндік мамандануы болуға тиіс», – деген болатын.
Түйіндей келгенде, Сауран ауданында іске асып жатқан бастамалар Президент тапсырмаларының өңірлік деңгейде жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Кәсіпкерлікті қолдау мен өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңір экономикасына зор серпін беретіні сөзсіз.
