Жолдау жүктеген міндет: Сауран ауданында кәсіпкерлік нысандарды энергиямен қамту мәселелері талқыланды

Түркістан облысы, соның ішінде Сауран ауданы – еліміздің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына белсенді үлес қосып отырған аймақтардың бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін басым бағыт ретінде белгілеген болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, шағын және орта бизнесті дамыту – ел экономикасының тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатының артуына тікелей әсер етеді. Осы орайда, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аудан кәсіпкерлерімен маңызды кездесу өтті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің техникалық директоры Талғат Ташимов, кәсіпорынның өндірістік-техникалық қызмет басшысы Самиддин Монтаев, сондай-ақ Түркістан және Сауран ауданының электр желілерінің бас инженері Ғани Қойшиев қатысты.Жиын барысында өңірдегі кәсіпкерлік нысандарын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету, жарық беру сапасын жақсарту, энергия тапшылығын азайту секілді өзекті мәселелер талқыланды. Аудан кәсіпкерлері өз ұсыныс-тілектерін білдіріп, күнделікті өндіріс пен қызмет көрсету салаларындағы электр қуатына қатысты қиындықтарды алға тартты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртудың маңыздылығын атап өтіп, елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен энергия тиімділігін арттыруды басты міндеттердің бірі ретінде белгілеген болатын. Сонымен қатар, Президент кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, бюрократиялық кедергілерді азайту, және өңірлік бизнесті дамыту үшін жүйелі қолдау көрсетуді тапсырған еді. Бұл бағыттағы тапсырмаларды іске асыруда жергілікті атқарушы органдардың рөлі ерекше. Осыған байланысты, Сауран ауданының әкімдігі өңірдегі энергетикалық инфрақұрылым мәселелерін назарда ұстап отыр. Жиын барысында ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары да өз округтеріндегі кәсіпкерлік нысандардың энергиямен қамтылу жайындағы ой-пікірлерімен бөлісті. Бұл өз кезегінде жергілікті билік өкілдері мен кәсіпкерлер арасында байланыс нығайып келе жатқанын білдіреді.Парламент пен Үкімет те бұл салада тиісті заңнамалық және қаржылық қолдау тетіктерін жасап отыр. Энергетика саласын цифрландыру, электр желілерін жаңарту, энергия үнемдеу стандарттарын енгізу – мемлекеттік бағдарламалардың негізгі тармақтарына айналды. Түркістан облысында да бұл үрдістер кезең-кезеңімен іске асырылуда. Осы тұрғыда, өңірлік деңгейдегі нақты шешімдер мен кездесулер — Президент саясатының жергілікті деңгейде орындалуының айқын дәлелі. Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімі Мақсат Таңғатаров кәсіпкерлердің өтініштері мен ұсыныстарын ескере отырып, бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, энергия тапшылығын азайту, электр желілерін күшейту, жарық беру сапасын арттыру және бұл жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу жөнінде жауапты бөлімдерге нақты міндеттер жүктелді. Сонымен қатар, электр энергиясын жеткізуші мекемелермен бірлесіп, техникалық мәселелерді жедел шешу бойынша келіссөздер жүргізу тапсырылды. Мұндай кездесулер өңірлік дамудың маңызды құралдарының бірі болып табылады. Олар Мемлекет басшысының «тыңдаушы мемлекет» қағидасын жүзеге асырудағы нақты көрініс. Бұл қағида бойынша, халықпен кері байланыс орнатып, олардың мәселесін жедел әрі тиімді шешу — барлық деңгейдегі билік органдарының басты міндеті. Қорытындылай келе, Сауран ауданында өткен кәсіпкерлермен кездесу — Президент бастамалары мен мемлекеттік саясаттың өңірлік деңгейде табысты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Энергиямен қамту – экономиканың қозғаушы күші, ал кәсіпкерлік – сол энергияны тиімді пайдаланып, қоғам игілігіне айналдыратын негізгі сала. Сондықтан мұндай диалогтар мен нақты қадамдар – ел дамуының берік іргетасы болып қала бермек.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *