Сарыағашта инфрақұрылымдық жобалар қарқын алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің стратегиялық мақсатымыз – әрбір азаматқа жайлы өмір сүру үшін қолайлы орта қалыптастыру. Инфрақұрылым – халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды сала. Әсіресе, сумен жабдықтау мен кәріз жүйесін жаңғырту – әлеуметтік әділеттіліктің және сапалы тұрмыстың көрсеткіші», – деп атап өткен болатын. Президент тапсырмасына сай бүгінде еліміздің әр аймағында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның жарқын үлгісі – Сарыағаш ауданында жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобалар.

Жуырда аудан әкімі Арман Абдуллаев инженерлік-коммуникациялық жүйелердің жай-күйімен танысып, бірқатар маңызды нысандарды аралады. Атап айтқанда, кәріздік сарқынды суларды тазарту жүйелерінің жұмыс барысы зерделеніп, құрылыс қарқыны мен сапасы талқыланды. Аудан басшысы инженерлік желілердің үздіксіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуді басым бағыттардың бірі ретінде атап өтті.

Көктерек кентінде жүзеге асырылып жатқан «Көктерек кентінде канализациялық тораптарды және тазарту имараттарын қайта құру (түзету-2)» жобасы аясында құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Аудан әкімі жауапты бөлімдерге құрылыс сапасын бақылап, мерзімінде аяқтауды қатаң тапсырды. Сонымен қатар, сарқынды сулардың бағытталуын өзгерту арқылы негізгі буландырғыш бассейннің тиімділігін арттыруға қатысты нақты техникалық тапсырмалар жүктелді.

Сапар барысында аудан басшысы Сарыағаш қаласындағы сарқынды суларды тазарту станциясының жұмысымен де танысты. Қазіргі таңда станция тұрақты режимде, техникалық ақаусыз қызмет көрсетіп тұр.

Жалпы, кәріз жүйелерін жаңғырту сияқты инфрақұрылымдық жобалар – ауданның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Соңғы жылдары Сарыағаш ауданында ауыз су, электр желілері, жол жөндеу, білім және денсаулық сақтау салаларында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Сонымен қатар, құрылыс, коммуналдық қызмет, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы бағыттарында да тұрақты өсім байқалады.

Мәселен, 2025 жылдың өзінде ондаған ауылға таза ауыз су тарту, жолдарды орташа жөндеу, электр желілерін жаңарту, жаңа мектептер мен мәдениет нысандарын салу жұмыстары жоспарға сай орындалуда. Бұл бастамалар тұрғындардың өмір сапасын арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың табысын арттыруға және аудан экономикасының нақты секторын нығайтуға мүмкіндік береді.

Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, алдағы уақытта инфрақұрылымды дамытумен қатар, цифрландыру, жасыл энергетика, кәсіпкерлікті қолдау бағыттары бойынша да жаңа жобалар қолға алынбақ. Бұл Сарыағаш ауданын жан-жақты дамытуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге негіз болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *