«Кентау Сервис» мекемесі жылу маусымына дайындықты бастады
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан энергия тиімділік саясаты мен жасыл экономика қағидаттарына сәйкес, тұрғын үй-коммуналдық саладағы жұмыстар жүйелі түрде жаңартылып, экологиялық және техникалық талаптарға сай жүргізілуде. Соның ішінде Кентау қаласының жылумен қамтамасыз етілуі – өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы мен тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы маңызды басымдықтардың бірі.
«Кентау Сервис» МКК бүгінде қаланы үздіксіз әрі сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында қыс мезгіліне қызу дайындық жұмыстарын жүргізуде. Кәсіпорын ұжымы бұл жауапкершілікті жақсы сезініп, дайындықты ерте бастап кетті. Бұл қадам кәсіпорынның жауапкершілігін, сонымен қатар өңірдің инфрақұрылымына деген мемлекеттік қолдаудың нәтижелі екенін көрсетеді.
Алдағы уақытта аталған мекеме ішкі гидравликалық жүйелерді қалпына келтіріп, кері қайту желісіндегі сорғы жабдықтарын ажыратуды жоспарлауда. Бұл жылу жүйесіндегі қысым мен температураның дұрыс айналымын қамтамасыз етіп, энергияның үнемделуіне сеп болады. Сонымен қатар, мекемелерді біртіндеп автономды газбен жылыту жүйесіне көшіру де – алдағы жылдары тиімді шешім болары сөзсіз. Бұл әдіс тек энергия тиімділігін ғана емес, экологиялық тұрақтылықты да қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, қала мен ауыл тұрғындарын сапалы жылумен қамту тек техникалық мәселелерді шешумен шектелмейді, бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасына, денсаулығына, білім беру мен медицина мекемелерінің тұрақты жұмыс істеуіне тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан да жылу жүйелерін жаңғырту, энергия тиімділігін арттыру және экологиялық таза технологияларды енгізу бағытындағы бастамалар – бүгінгі емес, ертеңгі ұрпақ үшін жасалып жатқан стратегиялық маңызды шешімдер болып табылады.