Төлебиде өндіріс пен кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында отандық кәсіпкерлікті қолдау, өндіріс көлемін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы өңірлердің экономикасын көтеру міндетін жүктеген болатын. Бұл бағытта Түркістан облысында нақты жобалар жүзеге асырылып, өңір экономикасына серпін беріп отыр. Соның бірі – Төлеби ауданы.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданына жасаған жұмыс сапары аясында бірқатар өндірістік нысандарды аралап, кәсіпкерлермен кездесті. Өндіріс ошақтарының қазіргі жағдайымен танысып, салаға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жайын атап өтті.

Сапар барысында аймақ басшысы алдымен Киелітас ауылындағы битум өнімдерін шығаратын «QazaqBitum Processing» ЖШС кәсіпорнының жұмысымен танысты. 2011 жылы іске қосылған бұл зауыт 2022 жылы модернизациядан өтіп, өндірістік қуатын едәуір арттырған. Бүгінде кәсіпорын автокөлік жолдарына арналған битум өнімдерін шығарады. Тәулігіне 1000 тонна, жылына 300 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Мұнда 140 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның өнімдері елімізден бөлек, Өзбекстан мен Қырғызстанға экспортталады.

Сондай-ақ облыс әкімі Ленгір қаласындағы тігін цехының жұмыс барысымен де танысты. Цехта жылына 250 мыңға жуық арнайы жұмыс формасы тігіледі. 150 адам еңбек ететін бұл өндіріс ошағының өнімдері еліміздің түрлі өңірлеріне және Ресей Федерациясына жөнелтіледі. Аймақ басшысы тігін кәсіпорнына оң баға беріп, жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту бағытында жергілікті билік тарапынан қолдау жалғасатынын жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *