Төлеби ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ел аумағындағы білім беру инфрақұрылымын жаңғыртып, заманауи мектептер салу арқылы сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы мақсатта қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бүгінде Түркістан облысында белсенді жүзеге асырылып жатыр.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданына жасаған жұмыс сапары барысында әлеуметтік маңызы жоғары бірнеше нысанды аралап, құрылыс барысымен танысты. Атап айтқанда, Достық елді мекеніндегі 900 орындық «Келешек мектебінің» құрылыс алаңында болып, мердігерлер мен жауапты сала басшыларына сапа мен мерзімді қатаң сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Жалпы аумағы 3 гектарды құрайтын мектептің құрылыс жұмыстары бүгінде 90 пайызға орындалған. Ішкі әрлеу, шатыр орнату және инженерлік инфрақұрылымдарды реттеу жұмыстары аяқталуға жақын. Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталып, интернет пен табиғи газ жүйесіне қосу шаралары жүргізілуде.

Ауданда осындай 4 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі таңда Алатау елді мекенінде 300 орындық, Көксәйекте 600 орындық және Киелітаста 900 оқушыға арналған білім ошақтарының құрылысы жүріп жатыр. Бұл мектептер балалардың сапалы білім алуына барынша қолайлы жағдаймен қамтамасыз етілмек.

Өңір басшысы жұмыс сапары барысында Ленгір қаласындағы І мөлтек ауданда салынып жатқан 5 қабатты тұрғын үйлердің құрылысын да аралады. 48 пәтерден тұратын үш тұрғын үй кешенінің құрылысы 2023 жылы басталған. Бүгінде шатыр жабу, ішкі-сыртқы әрлеу, есік-терезе орнату жұмыстары аяқталуға таяу. Құны 625,5 млн теңге болатын бұл жоба республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған. Нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Аралау барысында облыс әкімі Төлеби ауданындағы «Мейір-Бейс» жоғары медициналық және педагогикалық колледжіне де барды. Білім ордасының материалдық-техникалық базасымен танысып, студенттерге арналған дәрісханалар мен оқу кабинеттерін аралап көрді. Мұнда 56 маман дәріс береді, жалпы 84 оқу аудиториясы қарастырылған. Фармацевтикалық және стоматологиялық бағыттағы маман даярлауға бейімделген бұл колледж жаңа форматта жұмыс істеуде.

Облыс әкімі сапар қорытындысында жауапты тұлғаларға барлық әлеуметтік нысандардың құрылысына жоғары жауапкершілікпен қарауды, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *