Президент тапсырмасы: Түркістанда жаңа перзентхана бой көтеруде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ана мен баланың денсаулығын сақтау, медициналық инфрақұрылымды жақсарту мәселелерін басым бағыттардың бірі ретінде айқындағаны белгілі. Осы тапсырмаларды орындау аясында Түркістан қаласында заманауи «Ана мен бала» орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс жұмыстарының барысын арнайы барып тексеріп, жауапты мердігер мен басқарма өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының демеушілігімен салынып жатқан орталық 80 төсек-орынға арналған. Құрылыс жұмыстарын «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының тапсырысымен «Эристайл-Казахстан» ЖШС жүзеге асыруда.

Жалпы аумағы 3,3 гектарды қамтитын екі қабатты орталықтың жалпы құрылысы 17 288 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда нысандағы жер қазу, іргетасын құю және қайта көму жұмыстары толық аяқталған. Жобаны 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Өңір басшысы нысан сапасын бақылауға алып, құрылыстың барлық кезеңі тиісті талаптарға сай атқарылуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ болашақ медициналық мекемені кадрлармен қамтамасыз ету, қызметті үйлестіру сынды мәселелер де қатар шешілуі тиіс.

Бұл жобаның жүзеге асуы – Президенттің әлеуметтік мемлекет құру жолындағы саясатының өңірде нақты жүзеге асып жатқанының айқын дәлелі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *